«Энергопоток» серіктестігінде тұтынушылардан деректер жинау жалғасуда. Нақты мәліметтер дифференциалды жүйе бойынша бірыңғай төлем құжатын толтыру үшін қажет. Осыдан үш ай бұрын енгізілген жүйеде түсінбеушіліктер орын алса, қазір жұмыс тұрақталған. Науқан кезеңінде 95 мың абоненттің деректері базаға енгізіліп үлгеріліпті.
Самал-2 шағынауданының тұрғыны Сұлушаш Алманова бірыңғай төлем құжатындағы деректерді анықтауға келіпті. Діттеген мақсатына ешқандай күрделіксіз қол жеткізіп, тұтынушы ретінде тиісті мәліметтерді нақтылап алғанына дән риза. Мекеменің колл-орталығына келген әр адам тез арада төлемдері жайлы ақпарат алып жатыр.
Мұнда ұзын-сонар кезектің болмауы «Энергопоток» пен халыққа қызмет көрсету орталығы басшыларының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Мамыр айында бастауын алған шара аясында арнайы бір терезе қағидаты іске қосылған. Коммуналшылардың айтуынша, түбіртек таратарда толық ақпар болмай, осындай шешімге келген.
Гүлжан Әлімбаева, «Энергопоток» ЖШС колл-орталығы басшысының міндетін атқарушы: «Бүгінде 95 мың тұтынушының деректері жинақталды. «Энергопотокта» 175 мың абонент тіркелген. Қалғаны — 80 мың. Олардың 25 мыңының мәліметтері толық.»
Дерек жинау ең алдымен тұтынушыларға пайдалы дейді орталық мамандары. Өйткені тұтынған электр энергиясын есептегенде сол мекенжайда тіркелген азаматтардың саны шыға келеді. Яғни, оларға үнемділікті үйретуді осылайша қолға алған.
Тұтынушылардың дерегін нақтылау жұмысы жалғасуда. Егер түбіртекте мекенжайыңыз бен меншік иесі жайлы деректе қателік болса, онда ұйғарымды күтпей-ақ Тоқаев көшесінде орналасқан «Энергопоток» серіктестігіне барып, ақпарыңызды нақтылап алуға мүмкіндіңіз бар.