Оңтүстіктегі туристік форумға 10 елден қонақтар келеді. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Жүйріктаев хабарлады.
Оның айтуынша, 6-7 қазан күні Шымкент қаласында өтетін «Ontustik Tourism-2016» халықаралық туристік форумына елімізден және шетелден 250 қонақ келмек. Олардың арасында инвестициялар және даму министрлігінің, ұлттық экономика министрлігінің, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері мен шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктерінің, ұлттық компанияларының, түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, шетелдердегі туризм министр өкілдері бар.
Халықаралық шараның ұйымдастырылу барысы туралы жиынға «ОҚО туризм индустриясының дамыту» орталығы қауымдастығының жетекшісі Гүлмира Ақбердиева және «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары Олжас Шынтаев қатысты.
Журналистермен болған басқосуда спикерлер аталған форум аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы — Жібек жолының жүрегі» тақырыбындағы бизнес-конференция мен «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі, облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылатынын жеткізді.
Туризм саласындағы өңіраралық және халықаралық серіктестіктерді қарқындатып, туризм мен қонақжайлық қызмет саласында іскерлік қатынастар орнату және дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан форумда қатысушылар әлеуетті бизнес-серіктестермен бетпе-пет жүздесіп, меморандумдар түзіледі деп күтілуде. Сонымен бірге, форумда туристік және қонақүй бизнесі саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардан қажетті кеңестер алуға мүмкіндік туады.