Әйгілі «Шымкентсыра» зауыты жабылудың аз-ақ алдында тұр. Соттың апелляциялық алқасы кәсіпорын қызметінің лицензиясын тоқтату туралы соттың бірінші сатысындағы шешімін өз күшінде қалдырды.
Соңғы сәтке дейін зауыт дирекциясы мен заңгерлері өз позицияларын қорғап қалуға барын салған еді. Соған қарамастан аппеляциялық сот Еңбекші аудандық сотының шешімін бұзған жоқ.
Зауыт басшылығының ендігі үміті — кассациялық сотта. Ал егер онда да кәсіпорын мүддесі қорғалмаса, зауыт жұмысын тоқтататын болады. Демек, мыңнан аса жұмысшы екі қолға бір күрек таппай далада қалуы мүмкін.