Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала күніне орай шаһардың ең жас және ең қарт тұрғынын құттықтады. Жерлестеріміздің қатарын толықтырған Ербатыр — жылдың басынан бері қалада дүниеге келген 22300-ші нәресте, ал Қайтпас шағынауданының тұрғыны Назым Мамбеталиева 107 жасқа келіп отыр.
Шымкент қаласының әкімі облыстық №4 перинаталды орталықтың мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда аналарға, сәбилерге барлық жағдай жасалған. Арнайы медициналық жабдықтар нәрестелердің тез жетілуіне көмектеседі. Шымкенттің ең жас тұрғыны да осында жарық дүниеге келіп отыр. 21 қыркүйекте туған Ербатыр Хансеитұлы Ақбота Асанованың 7-перзенті. Отбасын қуанышымен құттықтаған қала әкімі туу туралы куәлікті отағасына салтанатты түрде табыстады. Көп балалы отбасы қала күні мерекесін тамашалауға арнайы шақырту да алды.
Бұдан кейін қала әкімі Шымшаһардың ең қарт азаматшасы Назым Мәмбетәлінің үйіне қонаққа келіп, биыл 107 жасқа толған кейуанаға сый-сыяпатын табыс етті. Ардақты ана 1909 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Тыл еңбеккері өзінің ұзақ ғұмырында колхозда еңбек етті. 5 ұл-қыздан 31 немере, 19 шөбере сүйіп отыр.
Айта кетейік, бүгінде Шымкентте жасы жүзден асқан 19 адам тұрады. Оның басым көпшілігі Еңбекші ауданының тұрғындары.