Шымкенттіктер жылуға 120 миллион теңге қарыз

259
Шымкенттіктер жылуға 120 миллион теңге қарыз

Жылу үшін қарызы бар шымкенттіктер берешегін тез арада өтеуі тиіс. Төлемақысы бойынша есеп айырыспағандардың ісі сотқа жолдануда. «Қуат жылу орталығы — 3» мекемесіне тұрғындардың қарызы 120 млн теңгеге жеткен. Міндетті төлемдерден жалтарған азаматтардың ісімен жеке сот орындаушылары айналысып жатыр.

Шымкенттіктер жылуға 120 миллион теңге қарыз

Алдағы жылыту маусымын берешексіз өткізуге ниеттенген «Қуат жылу орталығы -3» мекемесінің қызметкерлері тұтынушылардан қарызды жинауға білек сыбана кіріскен. Рейдке жеке сот орындаушыларын да тартыпты. Учаскесіндегі тұтынушылардың табалдырығын тоздырған Гүлімхан Бариханова бұл жолғы жұмыс нәтиже беретініне сенімді.

«Қуат жылу орталығы — 3» мекемесінің мәліметтеріне сүйенсек, заңды тұлғалардың жылу үшін қарызы жоқ. 120 млн теңге — көп қабатты үйлердің тұрғындарының берешегі. 2015-2016 жылғы қыс маусымында қордаланған бұл соманы жинау үшін жылу берушілер қатаң шара қолдануға мәжбүр болған.

Жеке сот орындаушысы Нұрлан Нұржановтың қолында берешек төлем бойынша соттың шешімі шыққан 86 материалдың 30-ы қалған. Тұтынған жылуға төлем жасаудан жалтарғандардың жылжымайтын мүлігіне тыйым салынатынын азаматтарға рейд барысында тағы да ескертіп шықты.

Мамандар осындай қатаң шара берешегі бар әрбір тұтынушыға қолданылатынын айтудан жалықпайды. Өзіңізді ыңғайсыз жағдайға қалдымау үшін міндетті төлемдерді өз мерзімінде төлегеніңіз жөн дейді тексерушілер.