Түлкібаста мал ұрлығы өршіп тұр

Түлкібаста мал ұрлығы өршіп тұр

Түлкібас ауданында барымташылар жылқыны үйірімен айдап кеткен. Әсіресе Абай ауылында 100 мал жоғалып, бір де-біреуі табылмаған. Сары уайымға салынған тұрғындар тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне ыза болып отыр. Ал полицейлер  төрт түлігіне жауапсыз қараған деп, тұрғындардың өздерін кінәлауда.

Түлкібаста мал ұрлығы өршіп тұр

Ұрылар санаулы күнде бүтіндей бір ауылдың малын қолды еткен. Мұнда, тіпті, қорасына ұры түспеген үй жоқ деуге де болады. Әккі қарақшылар дымын білдірмей, соңғы тұяққа дейін үптеп кетеді екен. Нәпақасын осы мал бағып, тауып отырған Орынбаевтар әулиетінің 18 бірдей жылқысы ұрланған.

Қайрат Орынбаев, Абай ауылының тұрғыны: «Міне, қорадағының бәрін сыпырып кеткен. Бір әулиеттің күн көрісі осы ғана еді. Біз жеті ағайындымыз, барлығымыздың жиған-тергеніміз — қарап отырған осы мал еді. Енді қалай қыстан шығамыз?! Біздің ауылдың полицейлері түк жұмыс істемейді. Өйткені, мүмкін емес қой, біреуі ашылу керек қой, өмірі ашылмайды.»

Ашынған тұрғындар тиісті органдарға талай барған. Шағымын айтып, іздестірер деп жүргенде айлар өткен. Ақырында 1 жыл ішінде жоғалған мал басы 100-ден асыпты. Олардың басым бөлігі қорада емес, өрісте қолды болған. Төрт түлікті жетектеп әкеткендерді желкелеп әкелуге полицейлер дәрменсіз деп қынжылады олар.

Ал қылмыс ашылады деп ақталған полицейлер кінәні мал іздегендердің өздеріне артып отыр.

Мұрат Әбілханұлы, Түлкібас аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы: «Мал ұрлығы көп, өздері апталап қарамайды. Малды біздің ағайындар бос жібереді.»

Ауданның бас полицейі мал жоғалу дерегінің көбейгенін жақсы біледі. Айтуынша, қазір арнайы құрылған екі топ іздеу жұмыстарына кіріскен. Күдіктілердің барын да айтып отыр. Алайда оларды әшкерелеуге дейін тиісті тексеру шаралары жүргізіледі. Ол екі арада тағы бірнеше мал жоғалмасын деп тілейді жұрт.