Той кортежімен тәртіп бұзғандар ұсталды

302

Шымкент маңында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған той көліктерінің жүргізушілері ұсталды. Тәртіп бұзғандар енді айыппұл төлейді.

Бұл туралы Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан хабарлады. Тәртіп сақшылары Шымкент-Леңгір тасжолында өрескел заң бұзғандарды анықтап, екі тәулік ішінде ұстады.

Жергілікті полиция қызметінің өкілдері осыған қатысы бар жүргізушілердің жеке тұлғасын анықтады. Олар – 1993 жылы туған Шымкент қаласының төрт тұрғыны және 1987 жылы туған Ақтөбе облысының тұрғыны. Тергеушілер Лада Приора автокөлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-бөлігімен (апатты жағдай тудыру), БМВ автокөлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің екі бабымен – 593-баптың 1-бөлігі (жолаушылар тасымалдау ережелерін бұзу) және 606-баптың 1-бөлігі (апаттық жағдай тудыру), Мерседес Бенц-280 және Мерседес Бенц автокөліктерінің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК 614-бабымен әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ, Крайслер автокөлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктер ақылы айып тұрағына қойылған.

Қолға түскен жүргізушілер бұл әрекеттерін тойда көңіл көтергісі келгендерімен байланыстырып отыр. Полицейлердің айтуынша, айыптылардың әрқайсысы 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

Осы тұста той кортежінде болғандардың көлігінен қару табылмады дейді полиция өкілдері. Олар тексеру жүргізгендерін айтады.

Еске салайық, таяуда әлеуметтік желіде тойға бара жатқан көлік жүргізушілерінің видеосы жарияланған еді. Мұнда Шымкент пен Төле би ауданын жалғап жатқан тар жолда тізбектелген көліктер жоғары жылдамдықпен жүйткіп, тіпті, жолай өткен машиналарға кедергі келтірген. Видео авторы бір көлікте отырған жігіттің қолында қару бар деп көрсеткен еді. Бұған қоса көліктен беліне дейін шығып алып, даурыққан жастар тек арнайы қызметтік көліктерде болатын дабылдарды қосуымен болды. Жүргізушілер ирелеңдеп жүріп, тіпті, жолдың қарсы бетіне де шығып кеткен еді.