Мәслихат депуттаттары Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтады

Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының екі ардагері ғана қалды. Бүгін қалалық мәслихат депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Қарияларға шапан мен орамал жауып, қаржылай сый табыстады.

Ұлы Отан соғысының ардагері Мұраталы Төлепбергенұлы денсаулығының да, көңіл-күйінің де өте жақсы екенін айтады. 99 жастағы ақсақал денсаулығына өте мұқият қарайды. Бүгін өзін құттықтап келушілерді күтіп алған қарияның бақуат екені сырт көзге де байқалады. Артынан ерген жас ұрпақтың бақытты өмір сүргенін қалайтын ақсақал «Еркіндік – ел басына қонған бақ» екенін айтады.

Мұраталы Төлепбергенұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Жалпы ұзын саны 7 жарым жыл әскер қатарында болған адаммын. Жеңіс күніне жеттік. Соғыстың қалай болғанын бәрі кинодан, тарихтан оқып жатырсыңдар. Бұдан былай соғыс болмасын! Бейбітшілік заман болсын! Ұрпақтарым, сендер бақытты өмір сүріңдер! Егеменді еліміздің іргетасы мықты болып, бақытты болыңдар!»

Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары мегаполистегі Ұлы Отан соғысының екі ардагерін құттықтап, қарияларға ерекше құрмет көрсетті.

Мерекемен құттықтаушылар Нина Мосунованың үйіне де барды. Әжей бүгін ерекше мерекелік көңіл-күйде жүр. 100 жастағы қарияны жеңіс күнімен құттықтап келушілер де аз емес. Ардагер соғыс уақытын мүлдем еске алмауға тырысады. Ол еліміздің әрбір азаматы бейбіт күннің қадірін білуі керек дейді.

«Біз қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Бостандықтың, бейбітшіліктің қадірін білуіміз керек. Мен мерекені жақындарыммен қарсы аламын! Жастарға айтарым, жаман әдеттерден аулақ болыңдар, өз денсаулықтарыңа көңіл бөліңдер! Өзімізге берілген өмірді лайықты түрде сүруіміз керек!», – дейді ардагер Нина Мосунова.

Мәслихат депутаттары ардагерлерге сый-сыяпаттардан бөлек, 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық та табыстады. Мәслихат төрағасы бізге тыныш заман сыйлаған ардагерлерге қандай құрмет көрсетсек те аз екенін айтады.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Біз осы ата-апаларымыздың арқасында жеңімпаздардың ұрпағымыз деп мақтанамыз. Осы жеңісіміз мәдениет саласында, экономика, технология саласында көптеген жеңістермен жалғасу керек. Шын мәнінде жеңімпаз болып, әлеуметтік жағдайымызды жақсартып, экономикамызды жақсартып, Қазақстанның туын биікте көрсете беруге нәсіп етсін!»

Айта кетейік, Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының екі ғана ардагері қалды. Биыл қала әкімінің ұсынысымен оларға 2 млн. теңге көлемінде қаржы табысталды.