Үкіметтің жергілікті жерлерде агрокешендерді дамыту бағдарламасы аясында ашылған бұл кәсіпорында бүгінде 30-ға жуық адам екі қолға бір күрек тапқан. Солардың бірі — Айгүл Меделханова. Епті келіншек күн сайын 500 келі жүгері аршиды. Күнделікті табысы орташа есеппен 5-8 мың теңгені құрайды екен.
Кәсіпорын тың технологиямен жұмыс істейді. Алдымен жүгері дәні собығынан алынып, кептіріледі. Содан кейін қамбаларда сақталады. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алдырылған.
Жүгері өңдеу зауыты — Отырар ауданындағы индустриалды аймақта бой көтерген алғашқы кәсіпорын. Таяуда осында жүгері кластерін дамыту аясында дақылды терең өңдейтін қос бірдей өндіріс ошағы ашылмақ. Демек, жүгері шаруашылығымен айналысатын шаруалардың айы оңынан туғалы тұр дейді мамандар.
Айта кетейік, ауданның брендіне айналған дақыл биыл 7 мың гектарға егіліп, әр гектарынан 120 центнерден өнім алыныпты. Отырар өңірі 2020 жылға дейін алқапты 15 мың гектарға жеткізіп, жүгері кластеріне жол ашпақ.