Сайрам ауданында биыл 50-ге жуық мал ұрлығы тіркелген

254

Редакциямызға шағымданған сайрамдық тұрғындар соңғы кездері ауданда мал ұрғының жиілеп кеткенін айтады. Бірі қос құлынды биесін жоғалтып, табаннан тозса, енді бір тұрғынның тана-торпағын таба алмай жүргеніне жыл өтті. Айтуларынша, жергілікті полицейлердің іздестіру жұмыстарынан нәтиже жоқ. Тәртіп сақшылары түнделетіп келіп малдарды айдап әкеткен әккілерді құрықтай алмай отыр. Дегенмен, күдікке ілінгендер бар.

ppppppppppppМахмуд Ғанитаевтың жоқ іздегеніне алтыншы күн. Үй иелерінің тойға кеткенін ұтымды пайдаланған ұрылар түнделетіп келіп қос бірдей құлынды биені үптеп кетіпті. 1 гектарға жуық алаңқайда байлаулы тұрған төрт қара арқандалған күйі жоқ болған.

Атшаптырым алаңның үш жерінен жем-шөп таситын көліктердің кіріп-шығуы үшін үш бірдей қақпа қойылған. Ұрылар солардың бірін бұзып, ірі қараларды алдына сап әкеткен дейді малдардың қожайыны.

Қайтқан малда қайыр бар. Тағы бір төрт ірі қара сәуір айында жоғалған. Абырой болғанда жер ылғал боп, малдардың ізі тайға таңда басқандай анық болғасын қожайындар малды ізінше тауып алады. Бөгде малды айдап әкетпек болған ағайынды екеудің бұған дейін де мал ұрлығымен сотты болғаны анықталған.

І топ мүгедегі Мүмінжан Алиевтің жағдайы мүшкіл. Оның есік алдында байлаулы тұрған тана-торпағынан көз жазып қалғанына жыл өтті. Төсек тартып жатып қалса да үнемі отбасының негізгі күнкөрісі болғасын, қора жақтан көз алмайтын. Қолды болған малдары әлі күнге табылмай отыр.

Жыл басынан аудандық ішкі істер бөліміне мал ұрлығына қатысты жергілікті тұрғындардан 50-ден аса арыз-шағым келіп түсіпті. Оның тең жартысы ашылды дейді полицейлер. Тергеу-тексеру нәтижелері негізінде екі бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ анықталған. Қалған шағымдар бойынша қазір тиісті шаралар жүргізіліп жатыр деп сендіреді тәртіп сақшылары.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, малдың жоғалу оқиғасы көбіне күз айларында, егістіктер босаған кезде орын алады. Сондай-ақ қолды болған төрт түліктің дені қараусыз қалған малдар дейді полицейлер. Айтуларынша, ұрланған малды анықтауда да мал иелерінің салғырттығы істі ашуға кедергісін келтіреді. Сондықтан тәртіп сақшылары әр малдың құжатын құнттап, тіпті суретке түсіріп алу да артық етпейді деп кеңес береді.