Шымкентте SIS ғылыми-өндірістік орталығы ашылды. Ғылым мен бизнестің түйіскен орталығы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының бас ғимаратында орналасқан. SIS жұмысының бағыты — қажетті сұранысқа ие идеялар мен жаңа технологияларды әзірлеу және оны коммерция көзіне айналдыру. Қазір еліміздегі жалпы ішкі өнімнің айтарлықтай үлесін ғылымєа бағыттау негізгі мақсаттардың бірі болып отыр.
SIS ғылыми-өндірістік орталығы ізденімпаз ғалымдар мен талантты студенттер үшін керемет алаң. Мұнда жаңа тиімді жобалар, озық технологияларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Орталық ашылған алғашқы күннің өзінде бүгінде әзірленіп жатқан жобалар таныстырылды. Орыс және ағылшын тілділер үшін қазақ тілін үйретудің қосымша ұтқырлық дайындау әдістемесі ұсынылды.
Ғылым мен өндірісті ұштастыру бағытында қолға алынған жобалардың бірі — жем-шөптік дақыл тұқымдарын сығымдау ісі. Тапсырысты «Дастан-45» ЖШС берген. Жобаны жүзеге асырудың мерзімі де бекітілген. Сондай-ақ, орталық «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-нің «Баламалы энергия: биогаз, жарықтандыру және ауыл шарауашылығы тыңайтқыштарын ала отырып балшық шөгіндісін кәдеге жарату» жобасын әзірлеу тапсырысын орындауға кіріскен.
Жанель Жұмалинова, SIS ғылыми-өндірістік орталығының директоры: «SIS ғылыми-өндірістік орталығының ашылуы Шымкент үшін елеулі оқиға және бұл жаңа мүмкіндіктер. Жаңа идеялар мен тиімді ғылыми жаңашылдықтарды өндіріске енгізу бойынша орталықтың мамандары ОҚМПИ профессор-оқытушыларымен бірлесе жұмыс жасайды. Идеялар көп, алайда оны жүзеге асыру жолдарын білмейтіндер де аз емес. Біз оларға бағыт-бағдар береміз. Өйткені бүгінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Енді шетелдердегідей идея үшін қаржы алып, табысқа кенелуге мүмкіндіктеріңіз бар.»
Орталық қолға алған жобалар да тартымды. Мәселен, «2020 жылға дейін ОҚО мен Шымкент қаласының туризмін дамыту тұжырымдамасы». Келешекте жүзеге асырылатын жобалардың қатарында «Инклюзивті білім: сабақ беру әдістемесін дайындау», «Бақбақтан табиғи каучук алу», «Оңтүстік өңірінде өсірілетін дәрілік өсімдіктерден шөп шайын өндіру технологиясын дайындау» сияқты жұмыстар бар.