«Қылмыссыз қоғам». Шымкенттік белсенді жастардың қатысуымен осындай тақырыптағы флэш-моб өтті. Қызғалдақ субұрқағының алаңына арнайы жиналған жастар саяси сауаттарын арттырып, конституциядағы жемқорлыққа қатысты баптарды жаттады. Ұрандатып, патриоттық әндерге би биледі.
Бұл бастаманы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңіріміздегі департаменті мен жастар ұйымдары қолға алған. Ұйымдастырушы тараптың айтуынша, игі іс-шара студенттердің жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлыққа қатысын жоюға бағытталған.
Қылмыстың куәгері болған жағдайда да олардың тез арада тиісті органдарға хабарласуы да құнтталып жатыр. Айта өтетін ақпар, пара беру немесе алу қылмысын айғақтау немесе оның алдын алу үшін шаһарымыздағы оқу орындарында айына кемінде 2 рет түсіндіру-тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Гүлжан Мұсабекова, ОҚО мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі: «Біз университеттер мен колледждерді біртіндеп аралап, онда жәшіктер орнатамыз. Студенттердің талап-тілегіне құлақ асамыз. Сондай-ақ, ата-аналармен жұмыс жасап, арнайы сауалнамалар алып келеміз. Ең бастысы, қазір жоғарғы оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы сабақ енгізіліп отырғанын айтқым келеді.»