Оңтүстіктегі тұрақтандыру қорының азық-түлігі қараша айынан бастап сатыла бастайды. Мақсат жылдағыдай — әлеуметтік тауардың бағасын шарықтатпау. Мұнда ұн, қант, күнбағыс майы, картоп, пияз бен сәбіздің баға нарықтағыдан біршама төмен болады.
Облыс тұрғындары, әсіресе, шымкенттіктер тұрақтандыру қорынан сатылатын азық-түлікке әбден үйренген десек қателеспеспіз. Өйткені мұндағы баға көп балалы және аз қамтылған отбасыларына қолдау болса, екінші жағынан базардағы бағаның қымбаттамауына әсерін тигізеді. Ал арнайы көліктерге азық-түлік жеткізу — «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жүктелген.
Қоймаларда өткен маусымнан қалған тауар бар дейді мамандар. Ол — құмшекер, 50 тоннадай макарон өнімдері. Облыс әкімдігі жанындағы тұрақтандыру қорының қоймалары керек тауармен өңірдегі ірі компания және шаруашылықтармен түзілген келісім-шарт негізінде толығады.
Келесі айдан бастап азық-түлік жылдағыдай апта сайын өтетін жәрмеңкелерде сатылатын болады. Тұрақтандыру қоры бекіткен бағаларға әзірге мынадай: картоп — 65 теңге, құмшекер — 220 теңге, күнбағыс майының бір литрі — 350 теңге. Жәрмеңкелер сенбі күндері Шымкентте Қажымұқан стадионы жанында және жексенбі күндері Арғынбеков көшесінің бойындағы «Рахима Плаза» сауда орталығының аумағында өтеді. Айта кететін жайт, әлеуметтік бағадағы азық-түлік аудандарда да ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде сатылады.