Шымкентте тағы бір меморандум түзілді. Ол — облыстық кәсіпкерлер палатасы, табиғат қорғау прокуратурасы мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы келісім. Осы шарт аясында мамандар саланың өзекті мәселелерін бірлесіп шешетін болады. Қазір жер қойнауын пайдаланушылар үшін соңғы үш жылда төленбей келген әлеуметтік төлемдерді өтеу де қиынға соғып отыр.
Жер қойнауын пайдаланушылардың мәселесі шаш-етектен. Түйіні тарқатылмаған түйткілдер осыған дейін де бірнеше жиынның тақырыбына арқау болып келген-ді. Кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, қазір нәпақасын осы саладан іздегендер қып-қызыл шығынға батып отыр.
Бауыржан Алшабаев, облыстық жер қойнауын пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы: «Қаржылық дағдарысқа байланысты әлеуемттік төлемдерді төлей алмай отырмыз.»
Бизнес өкілдері тиісті заңнамаларды қайта қарап шығу қажеттігін алға тартады. Олардың айтуынша, кей талаптарды өзгертетін кез әлдеқашан келген.
Сондай-ақ жиында астыртын табыскерлер жайы да қозғалды. Саладағылардың айтуына қарағанда, олар заңға пысқырмағанымен қоймай, адал кәсіпкерлерге де кесірін тигізіп отыр. Тараптар енді осындай мәселелерді шешу үшін күш біріктірмек. Алайда, кей іскерлер бұл ынтымақтастықтың берері шамалы дейді.
Табиғат жанашырлары ынтымақтастық аясында талай шаруаның басын қайыруға болатынына сенімді. Тек ыждаһаттылық танытқан абзал. Айта өтейік, қазір өңірде шенеуніктер мен жер қойнауын пайдаланушылар қауымдастығының мүшелері және кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен құралған бас-аяғы 13 адамдық комиссия жұмыс істеуде. Олар орын алған олқылықтарды қалпына келтіру үшін қызу жұмыс істеп жатыр дейді жауаптылар.