Оңтүстікке «Алтын күз» келді

387
Оңтүстікке "Алтын күз" келді

Оңтүстікке «Алтын күз» келді. Шаруалардың осынау мерекесі Түркістан сарайында салтанатты жағдайда аталып өтті. Өңір басшылығы несібесін қара жерден айырғандардың алдыңғы шебіндегілерге алғыс жариялады. Мақта, астық, ет пен сүт, жеміс-жидек, көкөніс өсіруде еңбегі еленген аудандар да арнайы марапатталды.

Әсем ән мен тәтті күйге ұласқан салтанатты шара маусымда мойымай еңбек еткен екпінділердің жүзіне қуаныш ұялатты. Бүгін ата кәсіпті түлеткендер мен несібесін жерден іздеген дихан қауымның төккен тері ақталған күн болды. Өңір басшысы облысты саланың локомотивке айналдыруға үлес қосқан аграрларды құттықтап алғыс білдірді. Шаруалар үшін маңызды ақжолтай жаңалығымен де бөлісті.

Оңтүстікке "Алтын күз" келді

Еңбек еленді. Өңір басшысы алдымен түрлі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде алда келе жатқан аудандарды атап, сый-сыяпат көрсетті.

Отырар ауданы биыл олжалы. Бір емес, бірнеше номинация бойынша аты аталған отырарлықтардың жүгері дәнін өсірудегі еңбектері орасан. Бес жарым мың гектар алқаптың әр гектарынан 42 центнерден өнім жинаған киелі мекеннің шаруалары жарап тұр.

Оңтүстікке "Алтын күз" келді

Елге ырыс пен береке сыйлаған еңбеккерлердің ешқайсысы да бұл кеште елеусіз қалмады. Үздік инновациялық жобаларды іске асырған шаруалардан бастап озық агроном мен озық сауыншыға дейін алғысқа бөленді. Аграрлы салада алдыңғы қатарда келе жатқан бизнес өкілдері де құралақан емес.

Астық өсіруде Қазығұрт ауданының көрсеткішін еселеген «Амангелді» шаруа қожалығы биыл 1,5 мың га алқаптан бидай және арпа дәнін орып алды. Дақылдың орташа түсімін жылдағыдан 20% жоғары жинаған шаруалар замануи техникаларды тиімді пайдалануымен ерешеленіп отыр.

Айта кетейік, биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылы өткен жылдан 12,8 мың гектарға артып, 788 мың гектарға егілді. Дәнді дақылдың түсімі 26 центнерді құрап, ел тәуелсіздігі кезеңіндегі рекордтық көрсеткішке жетті. Орташа есеппен республика бойынша мақтаның — 100 пайызы, жүзімнің — 65 пайызы, бақшаның — 66 пайызы, мақсарының 40 пайызы, жеміс-жидектің 31 пайызы, көкөністің 24 пайызы Оңтүстіктің еншісінде. Алдағы мақсат та айқын — күнгейді республика халқын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналдыру.