Шымкентте азаматтық қорғаныс құралдарының көрмесі өтті. Келушілердің назарына өрт сөндірушілердің, апатты медицина қызметкерлері мен жер сілкінісі кезінде пайдаланылатын техникалар, әмбебап құрал-жабдықтар ұсынылды. Төтенше жағдай департаментінің мамандары бұл іс-шараны азаматтардың санасында қауіпсіздік ұғымын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырып отырмыз дейді.
Нұрлыайым Әбілхайыр гидравликалық құтқару аппаратымен танысып жатыр. Оқушы қызға құтқарушы-маман демалу құрылғысының қалай жұмыс істейтінін көрсетуде. Бұл жабдықпен зардап шегушіге қондырғыға қойылған мынадай баллондар арқылы сығымдалған ауа жіберіледі.
Өрт сөндірудің оншақты заманауи техникасы — түрлі қондырғылар мен сүңгуір заттары, көтергіш механизм мен түрлі құрал-сайман көрмеге қойылды. Төтенше жағдай қызметкерлері көрмеге келушілерге өрт қауіпсіздігі шараларын үйретіп, исі газынан уланудың алдын алуға шақырды.
Өрт сөндіруге арналған мобильді көліктердің арасында 90 метрге дейін көтерілетін көтергіш-баспалдақ оқушылардың қызығушылығын туғызды. Шәкірттер техникаға мініп, 30 метрлік биіктікке шықты. Осылайша олар құтқарушылардың қызметін өздерінше бағамдап көрді.
Жер сілкінісі, өрт кезінде пайдаланылатын көліктер мен жол талғамайтын техникалар, сондай-ақ көп функциялы әмбебап құрылғыларды мектеп оқушылары қызыға тамашалады. Таласа-тармаса көліктерге отырып, заманауи технологиялар жетістіктерін көрген шәкірттер осылайша бұл күні өзгенің өмірі үшін арпалысқа түсетін құтқарушы-мамандардың жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.