Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Ет — етке, сорпа — бетке! Шымкентте Қазақ дастарханын дәріптейтін «Ет асу» фестивалі өтті. Көпшілік қауымға Қазақ дастарханы кеңінен жайылды. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған тағам фестивалі осымен екінші рет өткізіліп отыр. Онда өңіріміздегі түрлі этнос өкілдері Қазақтың ұлттық тағамын дайындап, өзара сынға түсті. Дәмі тіл үйіріп, қарын тойдырған аста-төк жиын болды.

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Ұйғұр этно-мәдени орталығының дастарханы бұл күні молынан жайылыпты. Алайда қазылардың назары бірден асылған етке түсті. Жал-жая мен қазы-қарта, сонымен қатар жілікті орнымен қойып, табақ тартудың жөнін аспаздар жақсы біледі. Сондықтан қазақша ет асудың дәстүрін айна-қатесіз өзгертпей орындадық дейді.

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Қазақ халқы қазан көтеріп, ет асу, табақ тарту дәстүріне ерекше мән береді. Оны мінсіз дайындау — кез келген ас үй иесі үшін сын. Бұл күні де 20-дан аса қатысушы үшін солай болды. Сондықтан фестивальде дастарханның сәні болған ет тағамы арқылы түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайту көзделген.

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Мұратәлі Халмұратов, ОҚО Қазақстан халқы ассамблеясының хатшысы: «Еттің пісуі, қамырдың қалыптылығы, еттің, арнайы жіліктердің тартылуы, барлығы ескеріледі. Яғни, қазақ дастарханын барлығы өз дәрежесінде дайындай алады деп ойлаймыз. Бұл барлық бауырмал ұлттың бір шақырақ астында бірігуін көрсетеді. Мұны ескерген қазылар алқасы да әділ бағасын береді.»

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

«Ет дегенде бет бар ма?» Бүгінде бұл мақал тек қазақ халқына ғана қатысты айтылмайды. Өйткені түрлі ұлт өкілдерінің дастарханынан асылған ет үзілмейтін болған. Бұл ретте белгілі жазушы Мархабат Байғұт ел аузында «бесбармақ» немесе «бешбармақ» атанып кеткен ұлттық тағамның атауына мән беру керек дейді.

Мархабат Байғұт
Мархабат Байғұт

Мархабат Байғұт, әділқазылар алқасының мүшесі: «Мен етті онша жемеймін. Бірақ еттің қадірін, қамырдың қасиетін, сорпаның сапасын білемін. Ет молшылықты білдіреді. Сондықтан «бешбармақ» емес, «қазақша ет» болсын! Өйткені, «бешбармақ» деп айтуға болмайды. Бұлай деп кезінде басқыншылар, отаршылдар, генерал-губернаторлар мазақтап шығарған. «Бешбармақ», «бешбармашничает»деп күлген. Қазақта «бешбармақ» деген сөз жоқ, «бесбармақ» деп те айтпаған. Тек бес саусақ деп айтылады. Сондықтан «қазақша ет» немесе «ет пен қамыр» деп айту керек».

 

Шымкентте ет асу фестивалі өтті

Бірнеше сағатқа созылған байқаудың нәтижесі де белгілі болды. Ет асудың үздік үлгісін көрсеткен иран этно-мәдени орталығының өкілдері фестивальдің бас жүлдесін иеленіп, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал бірінші орынға ұйғыр аспаздары дайындаған ет тағамы лайық деп танылды. Айта кету керек, бұл күні ешкім назардан тыс қалған жоқ. Қалған қатысушыларға да ақшалай сыйлық үлестірілді.