«Су арнасының» тың жобасы жағымсыз иісті жойып, газ бен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді

495
"Су арнасының" тың жобасы жағымсыз иісті жойып, газ бен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді

Кәріз қалдықтарының өзін тиімді пайдалану керек. «Шымкенттік «Су арнасы» мекемесінің мамандары өздері қолға алған тың жоба жағымсыз иісті жойып, көгілдір отын мен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді дейді. Бұл жаңалық Шымкентте өткен су шаруашылығы өкілдерінің халықаралық жиынында айтылды.

Осылайша кәріз құбырынан шыққан қалдықтар енді қайта өңделеді. Баламалы энергия көзін өндірудің тың жобасы нәтижесінде кәріз құбырынан шыққан қалдық су адам қажетіне жұмсалмақ. Мұндай әдіс Европа елдерінде әлдеқашан іске асқан. Жаңа бастама электр энергиясына қол жеткізіп қана қоймай, көгілдір отын алуға да жарайды.

"Су арнасының" тың жобасы жағымсыз иісті жойып, газ бен электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді

Ол үшін қалдықтарды бір жерге жинап, арнайы технологияның көмегімен газды бөліп алады. Ал сұйық отыннан электр энергиясы шығарылады. Осылайша жағымсыз иістен біржола құтылуға да болады. Сондай-ақ, алдағы күнде электр энергиясын өндірудің тағы бір әдісі жүзеге аспақ. Ол үшін қазір қуат көзін өндірудің қондырғылары тапсырыспен дайындалып жатыр.

Анарбек Орман, «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС бас директоры: «Кәріз жүйесінің қалдықтарынан алған газдың көмегімен электр энергия сағатына 200 квт болса, су тазалау қондырғысына кеткен қажеттіліктің 90 пайыз шығынын өндіріп бере алады. Мұндай бастама республика бойынша біздің өңірде алғаш рет қолға алынып отыр».

Сала маманы Мәди Жүнісбек еліміздің түкпір-түкпірінен келген өкілдерді Шымкентте қолданылып жатқан су есептегіш құралдарымен таныстырды. Айтуынша, бұл қондырғы су шығынын азайтып, тұтынушыны жеке және жалпы үйдегі есептегіш құралындағы көрсеткіштің айырмашылығын төлеуден құтқарады. Сонымен бірге жертөлелерді су басудың алдын алып, тіршілік көзін тиімді пайдалануға септігі бар.

Мәди Жүнісбек, мердігер компанияның директоры: «Заманауи есептеуіш құралы судың шыққан бастауынан бастап тұтынушының пайдаланылуын дейін толықтай көрсетіп береді. Бұл ысырапты есептеуде маңызды. Шымкенттегі бірқатар көп қабатты тұрғын үйлерде пайдаланылуда».

Суды тиімді пайдалануға бағытталған осындай жаңалықтар сала мамандарының басқосуында талқыланды. Олар тіршілік көзін үнемдеу жолдарын қарастырып, саладағы тың технологияларды да сөз етті.