Биыл Қазақстан прокуратурасына — 25 жыл. 1991 жылдың 6 желтоқсанында тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының негізі қаланды. Содан бері осы күн қадағалаушы органның төл мерекесі ретінде аталып өтеді. Осынау атаулы датаға орай облыстық прокуратурада салтанатты жиын өтті. Онда саланың үздіктері еленіп, кей қызметкерге мерекелік медальдар табысталды.
Салтанатты жиын прокуратура органдарының ардагерлерлерін марапаттаудан басталды. Одан кейін облыстың бас прокуроры Ибраһим Иманов 45 прокурорға «Қазақстан Республикасының прокуратурасына — 25 жыл» мерекелік кеуде белгісін табыс етті. «Аға әділет кеңесшісі» сыныптық шені, «Мінсіз қызметі үшін» 1 және 2-дәрежелі төсбелгімен 10 адам марапатталды. Өңір прокуроры да алғыстан кенде емес.
Гүлдария Темірбаеваның қадағалау органында қызмет етіп келе жатқанына — 16 жыл. Жаны нәзік болса да ерлермен бірдей иық тіресіп, заңдылықты қадағалауға өз үлесін қосып жүрген азаматша бүгінде білдей облыс прокурорының аға көмекшісі.
Тиянақты еңбегімен еленген кейіпкеріміз Қазақстанның бас прокурорының құрмет грамотасы мен «Қазақстан Респулбикасының прокуратурасына — 25» жыл мерекелік медаліне ие болды.
Замана талабына сай жетілдірілген құқықтық реформалар негізінде бүгінде прокуратура құқық қорғау органдарының ядросына айналып отыр. Басқасын айтпағанда сала қызметкерлерінің араласуымен соңғы үш жылдың ішінде 5 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқы қорғалып, мемлекетке келтірілген 9 млрд теңге шығын қалпына келтіріліпті.
Бүгінде қадағалау органдары қылмысты төмендетуде 12 жобаны іске асыра бастады. Осынау жобалар негізінде жұмысшы топ үйлестіру кеңесінде бас қосып жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктейді.
Айта кетейік, жыл басынан бері прокуратура қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде облыста қылмыс — 4 пайызға, алаяқтық қылмыс 34 пайызға кеміген. Өңірде орын алатын құқық бұзушылықтың 60-65 пайызы Шымкентте болады дейді қадағалау органы өкілдері. Осыған орай «Шымкент — қауіпсіз қала» жобасы аясында прокрорлар осындай олқылықтармен күресудің тиімді жолдарын ұсынып отыр.