Облыста мал ұрлығы азаймай тұр

350
Ұрланған мал

Ұрланған малОблыста мал ұрлығына тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Соңғы 5 жыл ішінде ішінде өңірде 7 мыңнан астам осындай факті тіркелген. Сол ұрлықтардың салдарынан жергілікті халықтың 30 мыңнан астам малы қолды болып, жоғалып кеткен. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз жиынында айтылды.

Жыл басынан бері прокурорлар мал басын заңсыз тасымалдаудың 100 фактісін анықтапты. Қадағалау органы өкілдері бұл санаттағы қылмыстың тыйылмай отыруын жергілікті халықтың төрт түлігін түгендеуге келгенде салғырттығы себеп болуда дейді. Айтуларынша, тұрғындар мал басын есепке алуға құлықсыз.

Сондай-ақ, мал базарларының жүйесіз жұмысы да сұқ қолдыларға қолай болып отыр дейді саладағылар. Ендігі жерде прокурорлар кей заңнамаларға өзгерістер енгізіп, бұл бағыттағы шараларды күшейтуді ұсынып отыр.

Ресми мәліметтер соңғы 5 жыл көлемінде облыста алаяқтық қылмыстың өсу қарқыны сақталғанын аңғартады. Былтыр бұл қылмыс елімізде 2,5 пайызға өссе, өңірдегі көрсеткіш — 50 пайызға тең. «Алаяқсыз қоғам» жобасын қолға алып отырған қадағалау органы қызметкерлері мұндай келеңсіздіктерге халық сауаттылығын арттыру арқылы тұсау салуға болады деп отыр.

Айта кетейік, Шымкентте соңғы 10 жылда қылмыстың өсу үрдісі сақталып отыр. Құқық бұзушылықтардың тең жартысы ұрлық дейді прокурорлар. Облыс орталығындағы қылмыстық ақуалды реттеу үшін қадағалау органы өкілдері биыл «Шымкент — қауіпсіз қала» жобасын қолға алып отыр. Прокурорлар істің біссімәласын шаһардағы жарықтандыру жұмыстарын жандандырып, бейнекамералар орнатуды ұсынудан бастап отыр.