Жаңа жыл қарсаңында Шымкенттегі Қ.Төлеметов көшесінде көп қабатты 2 үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, 96 отбасыға пәтер кілтін табыстады.
7 қабатты қос зәулім үйді құрылысын «Отау-құрылыс» компаниясы салған. Негізгі тапсырыс беруші — «Қазақстанның ипотекалық компаниясы».
— Жаңа жыл қарсаңында қоныстанғалы отырған баспаналарыңыз құтты болсын! Бұл үйлерді мемлекет сіздерге делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсынып отыр,- деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. — Ұзақ мерзімді жалға беріліп отырған баспаналарды сатып алу құны да арзан. Мемлекеттің осындай ігі істері алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жаңа пәтерге жайғасқандардың басым көпшілігін көп балалы және мүгедек балалары бар отбасылар құрайды. Сондай-ақ, жаңа қонысқа қол жеткізгендердің арасында жетім балалар мен оралмандар, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері де бар. Мұндағы тұрғын үйлердің әр шаршы метрі үшін жылдық төлем 900 теңгеден аспайды. 20 жыл мерзім аяқталғанда пәтерлер азаматтардың меншігіне айналады.
Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» іске аса бастағаннан-ақ «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» Шымкент қаласында 2541 пәтерді сатып алған.