Қазығұрт тұрғындары парламент сенатының депутаттарымен кездесті

558

Мемлекеттік қызметкерлердің аз жалақысы мен жергілікті кәсіпкерлік саласының кенжелеп қалуы. Сондай-ақ, мекенжайға уақытша тіркелу заңының қоғамға қажеті қанша? Дәл осы мәселелерді Қазығұрттың халқы Парламент сенатының депутаттары алдында көтерді. Ауданға арнайы бұрылған сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен депутат Әли Бектаев өлкенің өркендеуін бақылап, тұрғындардың пікірі мен наразылығын тыңдады.

Қазығұрттық ағайынның алдына алдымен парламент сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров шығып, сөз сөйледі. Халық қалаулысы Оңтүстік емес, Жамбыл облысының тумасы болғанымен, күнгейдің жәй-күйінен күн сайын хабардар екенін жасырған жоқ.

Бектас Бекназаров

Бектас Бекназаров, парламент сенаты төрағасының орынбасары: «Оңтүстікке барған сапарыңызда Қазығұртқа бұрылмай кетпеңіз деген еді Әли Бектаев. Сондықтан, киелі елге келуіме себепкер болғаны үшін рахмет! Қандай жағдайда біз тәуелсіздікке қол жеткіздік, желтоқсаншылардың жағдайы қалай болды — тарихты ұмытпауымыз қажет. Сол өткенімізді ескере отырып, құрметімізді көрсете отырып, алға бағыт-бағдар, жоспар түземіз. Қазіргі мақсат — өркендеп-дамыған 30 елдің қатарына ену! Ол үшін ауыл-аудандардың әл-ауқатын көтеруіміз маңызды.»

Көптің алдына көтерілген парламент сенатының депутаты Әли Бектаев та ел аралаудағы көздегенін айтты. Айтуынша, халықтың заңға деген көзқарасын осылай анықтап, сол арқылы ереже нақтыланады. Жиында кезінде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған ел ағасы әсіресе аудандағы ағайын үшін енгізілген маңызды заң талаптарын атап өтті.

— Жайылым туралы заңда біз бірқатар мазмұндарды мақұлдадық. Бір елдімекен, ауылда отырып алып, 100 қара малды бордақылап, мал бағатын жағдай енді болмайды болашақта. Әр нәрсенің өзінің нормасы, тәртібі болады. Елдімекендер арасында ортақ жайылым болады. Сол ортақ жайылымға қанша мал бағуға болады, әр малға қанша жайылым керек, соның тәртібі мен нормасы бектіледі. Ал егер 20 сиыры бар адамның 10 малы бар деп көрсетілсе, қалған малын ол шалғайдағы жайылымға апарып бағуы керек. Немесе арнайы ферма ашып алсын, — деді Әли Бектаев.

Басқосуға келген қазығұрттықтарды мемлекеттік қызметкерлердің аз жалақысы да қызықтырды. Ал халық қалаулысы ұлттық және мемлекеттік мекемелерде төленетін еңбекақы айырмашылығының аражігін ажыратып, жуырда жаңа төлем кестесі түзілетінін жеткізді. Яғни, жұмыс көлеміне байланысты жалақы беріледі.

— Бізде ауылда кадр мәселесі шешімін таппай келеді. Себебі арнайы орта оқу орындары жоқ. Шымкент пен Алматыға барып, оқиды. Олар кейін біздің Қазығұртта қызмет етуі екіталай ғой. Одан соң банк мәселесі бар. Кәсіпкерлер немесе өзге де еңбеккерлер қаржысын ала алмай жүреді, сабылып Шымкентке жол жүреді. Жолақысын қоса есептегенде екі есеге шығындалады, — деп шағымданды аудандағы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Сонымен, кәсіпкерлік саладағы келелі мәселелер тасада қалмайтын болды. Енді оны белгілі іскер Қайрат Балабиев қадағалауына алмақ. Ал қазығұрттық тұрғындармен кездескен халық қалаулылары өзге де өзекті проблемаларды үкіметтің отырысында қайта көтеріп, шешім іздейтінін хабарлады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар жуырда ғана күшіне енген уақытша мекенжайда тіркелу заңын да қолдайтындарын білдірді.