«Қуат жылу орталық-3»: «Тұтынушыларға таратқан түбіртекте қателік кеткен»

950

«Қуат жылу орталық-3» мекемесінің тұтынушыларға таратқан түбіртегінде қателік кеткен! Бірыңғай төлем құжатында 2016 жылдың желтоқсан айы үшін былтырғы тариф емес, жаңа жылдан бастап қолданысқа енген тариф енгізіліпті. Мұны жылу берушілердің өздері де мойындап отыр. Еске сала кетейік, қаңтардан бастап шымкенттік тұтынушылар жылуды пайдаланғаны үшін бір шаршы метрге 123 теңге 14 тиын төлеуі тиіс.

Тұтынған жылу үшін дер кезінде төлеп жүрген шымкенттіктер бір күнде «Қуат жылу орталығы-3» мекемесіне наразы болып шыға келді. Оған себеп, күні кеше үйді-үйге таратылған түбіртекте былтырғы тариф емес, жаңа жылдан бастап күшіне енген тариф көрсетілген. Оған қоса 72 сағатта төлем жасамаған тұтынушыға шара көріледі деген қоқан-лоққы жазылған ұйғарымның мәтіні қала тұрғындарының шамына тиді.

Панфилова Валентина Дмитриевна, қала тұрғыны: «Жылу үшін төлемді ай сайын міндетті түрде төлеп келемін. Ал мына түбіртекті алғанымда қатты ашуландым. Неліктен жылу берушілер желтоқсан айындағы тарифті көрсетпеген? Ол 109 теңге болатын. Ал мына түбіртекте 123 теңге 14 тиын деп көрсетілген. Ұйғарымдағы байбалам сау адамды да жүрек талмасына шалдықтырады!»

Қазіргі таңда қаладағы «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі тұтынған жылуға қарызды жинауға кіріскен. Қаңтардың 21-нен бастап мекеменің көшпелі кассалары шағынаудандарда төлемдерді жинап жатыр. 65 мың тұтынушыны орталық жүйедегі жылумен қамтып отырған жылу мекемесінің газ берушілер алдында 1 млрд теңгеге жуық берешегі бар. Осы мекеменің басшылары жақында таратылған түбіртекте қателік кеткенін мойындап отыр.

Осы арада айта кетейік, тұтынған жылуға қатысты сұрақтар туындаса, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің 56-50-20 және 56-50-08 телефондары арқылы хабарласып, мамандардың кеңесін алуға болады.