Қаратау ауданында әлі де кей мәселе басы ашық қалып отыр

302
Қаратау ауданында әлі де кей мәселе басы ашық қалып отыр

Қаратау ауданында әлі де кей мәселелер басы ашық күйде қалып отыр. Кей елдімекендерге емхана жетіспесе, енді бір шағынаудандарда жол тақырыбы жырға айналған. Аудан әкімінің жылдық есебінде жергілікті халық пен депутаттар осынау түйткілдерге назар аударды.

Қаратау ауданында әлі де кей мәселе басы ашық қалып отыр

Аудан әкімі алдымен қағазынан бас алмай, өткен жылға есеп беріп, келер жылдың жоспарын тізбектеп шықты. Коммуналды мәселелердің шемін тауып келе жатқанын тілге тиек еткен Ғабит Мәуленқұловтың сөзіне сенсек, бүгінде ауданда 25 мың үй сапалы ауызсумен қамтылса, 13 мың шаңырақтың кесте бойынша ауызсуын ажыратып отырғаны мәлім болды.

Сондай-ақ аудандағы 9 мыңға жуық абонент жарықты әлі күнге жекеменшіктегі трансформатордан алып отыр. Ал 12 мың отбасының әлі күнге көгілдір газға қолы жетпеген.

Есептік жиынға тассайлықтардың мұң-мұқтажын арқалай келген Амангелді Нышанқұловтың айтуынша, елдімекенде шешімін күткен мәселе шаш-етектен. Әсіресе, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғын бұл түйткілдің түйіні бірнеше жылдан бері тартақылмай келеді деп налиды.

Жол құрылысы мен мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне халық қалаулылары да алаңдаулы. Жергілікті билік өкілдерінің назарын осы мәселеге аударғысы келді.

Әлбетте есептік жиын өткен мектептің жайы да назардан тыс қалмады. Қайтпас елдімекеніндегі 600 оқушы оқитын №72 мектептің жолы да бүгінде шәкірттер үшін қауіпті болып отыр. Шенеуніктер бүгінде бұл аумақтан жер асты өткелін салу үшін қаржы көзін іздеудеміз дейді.