Мектептегі медбикелердің жұмысын енді денсаулық сақтау басқармасы бақылайтын болады. Бұған дейін бұл қызметкерлер білім бөлімінің қарамағында болып келген еді. Жаңа өзгеріске сай білім ұяларындағы медицина мамандарының қызметі де өзгеріске ұшырап отыр.
Бұл өзгеріс мектептегі медицинаның сапасын арттырып қана қоймай, ондағы медбикелердің жүктемесін де азайтпақ. Айталық, негізгі норматив бойынша мектепте жұмыс істейтін бір медбикенің қарауында 600 бала болуы тиіс. Қазіргі жағдай бойынша бір медицина қызметкері 3 мыңнан астам оқушыны қарауға мәжбүр.
Айта кетейік, мектеп медицинасын денсаулық сақтау басқармасының қарауына беру кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Осыған сәйкес, мектептегі медицина қызметкерінің қызметтік міндеттері мен рөлі қайта қаралып, штаттық нормативтері есептеледі.