Шымкентте жаңа жылдан бастап көмір тапшылығы қатты сезіле бастады. Қатты отынға тәуелді өндірістер мен жылыжайларда күрделіліктер орын алуда. Оның бір себебі — көмірді жеткізу мәселесінде қиындық туындаған. Жауапты мамандар вагондар жетіспейді деп отыр. Енді көмір тез арада жеткізілмесе, алғашқылардың бірі болып Кентаудағы жылу орталығындағы қазандықтардың тоқтап қалу қаупі бар. «Кентау сервис» мекемесіне жеткізілген 30 тоннадай көмірдің қоры аяқталуға жақын.
Цементшілер елдімекенінде орналасқан көмірмен қамтитын мекеме осыдан екі күн бұрын келіп түскен көмірді тиеуде. Қатты отын алдын ала тапсырыс берген кәсіпорындар және кезекте тұрған жеке тасымалдаушыларға жөнелтіледі. Тұрғындарға көмір тасымалдайтын Асан оның сапасына да қарамайтын болдық, бұрын ірісін алуға тырысатын едік, енді тек отын болса деген тілеумен келеміз дейді.
Мекеме қызметкерлері де көмір бағасының жаңа жылдан бастап қымбаттағанын растайды. Бүгінде бір тонна қатты отын 12 600 теңгеден босатылуда. Бұрын көмір қоры жасалса, бүгінде тапсырысты да өтеуге мүмкіндік болмауда. Ең өкініштісі, алдын ала төлем жасаған мекеме шаруашылықтардың өтінішін мерзімінде орындай алмай отырмыз дейді мамандар.
Вагондар мәселесін мекеме, әрине, шеше алмасы анық. Сондықтан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының көмегі қажет. Алайда жақында облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында басқарма басшысы бұл күрделікті шешуде облыс әкімінің қолдауына жүгінген болатын. Мәселе тез арада шешілмесе, кентаулықтар және жеке сектордағы тұрғындар бүрсең қағып, жылыжай қожайындары шығынға батпақ.