Шымкентте мұғалімдер мемлекеттік тест тапсырып жатыр

1332

Шымкентте ұлттық бірыңғай тестілеуді әдеттегідей талапкерлер емес, мектеп мұғалімдері тапсырып жатыр. Ел аумағында алғаш рет қолға алынған тестілеуге тек 11 сыныпқа білім беретін педагогтар қатысуда.

Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының айтуынша, мемлекеттік сынаққа қатысқан ұстаздың әрбір жауабы да сол мезетте арнайы жүйе бойынша Қазақстанның білім және ғылым министрлігіне жолданады. Яғни, тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігі жоқ.

Мемлекеттік сынақтың сарсаңы, білім деңгейін бақылау мен қобалжу. Бұл жолы дәл мұндай әсерді талапкерлер емес, тиісінше сол ҰБТ-дің сауалдарына жауап беру үшін келген педагогтар сезінді. Себебі Шымкенттегі мектептің мұғалімдері, оның ішінде 11 сыныпқа білім беретін ұстаздардың енді білім-сауаты алғаш рет таразыланып-тексеріліп жатыр.

Мемлекеттік сынақты тапсырушылар сапынан биыл жұмысқа қабылданған жас мамандар да бар. Биология пәнінің мұғалімі Жанар Жүсіпбекованың айтуынша, бастама педагогтардың жалқаулығын жойып, салада ізденуіне сеп болады.

Жанар Жүсіпбекова, Ж.Баласағұн артындағы №6 мектептің мұғалімі: «Өзімді 100 пайыз білімдімін дей алмаймын, себебі, жұмысқа кіріскеніме де көп болған жоқ. Бірақ, 11 сыныптарға сабақ беру арқылы өзім де тәжірибе жинақтап, білімімді шыңдап, жетілдіріп жатырмын. Бітіруші түлектермен жұмыла оқып, бір-бірімізге сұрақтар қойып, пәнді ойдағыдай өтудеміз. Ал қазір тест алдында аздап қобалжып тұрмын. Әрине, жаңа формат болғаннан кейін, сол жағынан аздап қорқып тұрмын.»

Мұғалімдердің мемлекеттік тестілеуді тапсыруы ел аумағанда, оның ішінде Шымкентте тұңғыш рет қолға алынып отыр. Шымкент қалалық білім бөлімі басшылығының сөзіне сенсек, тестілеуге шаһарамыздағы барлық мектептің мұғалімдері жұмылдырылады. Және 11 сыныпқа дәріс беруші әр ұстаз өз пәнінен мектеп бағдарламасы бойынша ұсынылатын 30 сұраққа жауап беруі тиіс. Бұл үшін 45 минут уақыт беріледі. Ал сынақтан сүрінген педагогтар үшін жаңа жоба қолға алынбақ.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Негізгі мақсат — озат, білімді ұстаздарды анықтау. Сөйтіп, арнайы топ жасақтау. Көшбасшы шәкірттерді үздік, білікті педагогтар оқытуы керек деп ойлаймын. Мұғалімдер егер тестілеуден шектік баллды жинай алмай немесе өте төмен жинаса, арнайы оқу-жаттығу тобы ашылып, қайта даярлау курстарынан өтеді. Бірақ бұл — тестілеуден төмен көрсеткіш көрсеткендер жұмыстан шеттетіледі деген сөз емес, тек білімін жетілдіреді».

Бүгінде Шымкентте 129 мектеп бар. Білім ұяларында 14 мыңнан астам педагог қызмет етсе, оның 1955-сі 11 сыныптарға сабақ береді. Айта өтетін ақпар, мемлекеттік сынақты әзірге арнайы тестілеу орталықтарында күніне 420 мұғалім тапсырып жатыр. Ал тестілеу науқаны аптаның соңына дейін жалғасады.