Таксистке шабуыл жасап, тонаған адам ұсталды

406

Оңтүстікте таксисті тонамақ болған адам ұсталды. Қаратау полиция бөлімінің кезекшісіне таксопарк жүргізушісіне шабуыл жасалды деген суыт хабар түседі.

Оқиға орнына жеткен полицейлерге 26 жастағы таксист жігіт кездеседі. Оның айтуынша, Сайрам ауылына жеткізіп салуға келіскен клиенті осы маңға келген соң қарумен қорқытып, көлігі мен бағалы заттары тартып алған.

Тәртіп сақшылары тез арада күдіктіні қолға түсіру операциясы жариялайды. Соның нәтижесінде іздеудегі көлік Төле би ауданы аумағынан табылды. Оны басқарып отырған күдікті де қолға түскен.

25 жастағы жігіт бұрын сотты болған екен. Кейінірек күдіктіден тәркіленген тапаншаның ойыншық екені анықталды. Қазір айғақты заттар тәркіленіп, сезіктіге қатысты қылмысты іс қозғалды. Тергеу кезінде ол абақтыда қамауда болады.