Шымкентте ұлты украин ұстаз қазақ тілінде сабақ береді

фото Отырар.кз

Шымкентте өзі украин ұлтынан болса да балаларға қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім тұрады. Ольга Розакулова №93 мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Ол 15 жылдан бері оқушыларға тәлім беріп келеді. Білікті ұстаз балаларды отансүйгіштікке баулу мақсатында «Бірлік» сабағын да өткізеді.

Ольга Розакулова бастауыш сынып оқушыларының ерекше махаббатына бөленген ұстаз. Өзі украин ұлтынан болғанына қарамастан, қазақ тілін жетік меңгерген. Бүгінде №93 білім ордасында бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқаратын ол балаларға қазақ тілінде білім береді. Қосымша «Бірлік» сабағын да өтеді. Сөзінше, бұл сабақтан буыны енді ғана қатайып келе жатқан балалардың үйренері көп.

«Біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Бәріміз тату-тәтті, ынтымақта өмір сүреміз. Балаларды патриоттық сезімге үйрету үшін осындай сабақтар өтеміз. Қазақша білгенімнің арқасында көп достарым бар. Мектепте 110 мұғалім болса, соның ішінде 10 өзбек, бір мен украин, қалғандары қазақ. Демек қазақ тілін білу – өзіме пайда. Басқа ұлттарды да қазақ тілін білуге, үйренуге шақырамын», дейді В. Терешкова атындағы №93 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ольго Розакулова.

Білікті мұғалім 15 жылдан бері балаларға тәлім беріп, ұстаздық жолында еңбек етіп келеді. Оқушыларды патриоттық сезімге баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ең бастысы қай ұлт өкілі болмасын бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруге балу маңызды дейді ол. Сүйікті мұғалімдері туралы оқушылардың ықыласы да ерекше.

-«Біздің Ольга апай ұрыспайды, білмегенімізді үйретіп, бәрін сыпайылықпен түсіндіреді»

-«Апай мейірімді, сабақты өте жақсы түсінікті өтеді», – дейді ұстаздың шәкірттері.

Украин аруы оңтүстік өңірдің түрік азаматына тұрмысқа шығып, 2 қыз өсіріп, бүгінде бір немере сүйіп отыр. Отанға, туған өлкесіне жанашыр әйел – «балаларды елінің патриоты болар мықты азамат етіп өсіру – басты парызымыз» деп есептейтінін айтады.