«Ақ орамал» ұғымы қазақ тарихында зор мәнге ие болған. Солай бола бермек. Ақ — адалдық, пәктік, тазалықтың символы. Оның философиялық мағынасы да тереңде жатыр. Ақ oрамал дана халқымыздың ежелгі дәстүрі татуластыру салтына да негіз. Әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастауы олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған. Мұнан шығатын тағы бір пайым — ананың ақ сүтін ақтауға деген талпынысы адамның өмірге деген құлшынысын арттырады.
Осындай парасаттылық пен адалдықтың символын негізге ала отырып, оңтүстікқазақстандық аналар «Ақ орамал» акциясын қолға алған-ды. Сол шараны өткізу арқылы қазақстандықтарды этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясын қолдауды мақсат тұтты олар.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігі де құрылғанына ширек ғасыр болған айтулы датаны атап өтті. Қоғамдық ұйымның төрайымы Күләйша Шәкірова бастаған ару-аналар және ұлт бірлігі мен өскелең ұрпақтың саналы, тәрбиелі, өнегелі болуы үшін түрлі шараларды қолға алып, салт пен дәстүрді барынша насихаттаудан жалықпаған «Көркем» әжелер тобы өңірдің қасиетті орындарында болып, бабалар рухына тағзым етті.
Күләш ШӘКІРОВА, «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Барлығымыздың ойымыз бір жерден шығады. Ол дегеніміз, аналардың тілегі бір — Тәуелсіз Қазақстанның халқының амандығы. Елбасыдан бастап, барша арда азматтарымыздың ел үшін жасап жатқан игі істерін қолдайды. Осы тілегімізді, ниетімізді білдіруге келіп отырмыз. Яссауи бабамыз өз хикметінде Білімің шырақ, халің пілте, көз жасың жағатын май болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашық отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді.
Алдымен, аналар Орталық Азиядағы қажылық міндетті өтейтін мұсылманның киелі жерлерінің бірі саналатын Арыстанбаб кесенесіне барды. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың елшісі болғанын естіп, көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткішінің тарихына қанықты.
Кесененің намазханасына арнайы кіріп мінажат еткен ақ жаулықты аналар Алланың қалауымен баба рухына құран бағыштап, жаратқаннан елдің тыныштығы мен бірлігін, амандығын тілеп, ниетін білдірді.
Зәуре ОРАЛБАЕВА