Басшысы осы аптада ауысқан «Қуат жылу орталығы-3» кәсіпорнының кезекті жаңалығы бар. Алдағы күндері жылу берушілерден төлемақыға қатысты жеке түбіртек алсаңыз, таң қалмаңыз. Кәсіпорынның сату бөлімінің басшысы Әбсаттар Душанов осылай деп хабарлады.
Ол түбіртекте қаңтар айындағы тұтынған жылуыңыздың сомасы жазылады. Үш күннен кейін бірыңғай төлем құжаты да келеді, онда ақпан айында төлейтін сома жазылады. Енді төлемдер айма-ай жүргізіледі дейді жылу таратушылар.
Еске салайық, қаңтарда жылу берушілердің желтоқсан айында тұтынған төлем бойынша таратқан ұйғарымдары тұрғындардың наразылығын тудырған. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 65 мың 400 тұтынушы орталық жүйедегі жылумен қамтылған.
15-16 мыңдай абонент тұратын 220 көп қабатты үйде жылу есептегіш құралы орнатылған. Ал қарыздары 20-30 мың теңгеден асатын 150 тұтынушының ісі сотқа жіберіліпті. Бүгінде тұтынушылар «Қуат жылу орталық — 3» мекемесіне 430 млн теңге қарыз.