Артық салмақ – абырой емес… Ауру

2580

Ересектер арасында артық салмақ және семіздіктен зардап шеккендердің үлесі 55 пайыздан асады. Дәрігерлердің сөзінше, олардың дені артық салмақтан қант диабетіне, жүрек ауруларына шалдығып, бауыры мен бүйрегі сыр берген соң ғана емделуге келгендер. Ақ халаттылар семіздіктің ауру екендігін мойындамай, ұят санап, уақытын өткізіп жатқандардың көп екенін айтады.

Көп тамақтанады, аз қимылдайды

– Артық салмақ және семіздік — тері астына майдың жиналуынан туындайтын ауру. Артық салмақ – семіздіктің алғашқы белгілері. Семіздікте – ағзада май шамадан артық жиналады. Зат алмасудың бұзылысынан пайда болады. Генетикалық ерекшеліктен, тамақтану тәртібі бұзылғанда, гормональді бұзылыстар, созылмалы вирусты инфекциялар, гиподинамия, күйзелістен артық салмақ жинай бастайды. Дегенмен, өңірімізде алиментарлы семіздікпен ауыратындардың қатары басым. Алиментарлы семіздік дегеніміз тамақты көп жеп, бірақ аз қимылдаудан пайда болады,-дейді облыстық эндокринологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Базаркүл Қамысбаева.

Семіздікке шалдыққан науқас бір ғана ауруымен күреспейді. Денедегі артық майлар бүкіл ағзаның жұмысына кедергі жасайды. Мәселен, жүректі май басып, нәтижесінде инсульт, инфаркт алуы мүмкін. Бауырды «көмкерген» майдан өкпенің қызметінен нұқсан келеді. Тыныс алуы нашарлайды. Өт жолдарына тас түзіледі. Ең қауіптісі, семіздікке бой алдырған науқаста қант диабеті қатар жүреді.

Салмағы 185 келі Міркәрім

Облыстық эндокринологиялық диспансерде артық салмақты және семіздікке шалдыққан науқастарды емдейтін арнайы палата бар. Онда диагностика жасалып, аурудың пайда болу себептерін анықтайды. Ем-дом да тегін жүргізіледі.

53 жастағы емделуші Міркәрім Усмановтың салмағы қазір 160 келі. Алғашында салмақ қосқандығына мән бермеген. Сосын қант диабетіне шалдыққан. Сөйтіп жүріп, 185 келіні жинап алады. Бүгінде ол жүрегі де сыр беріп, диспансерде қайта-қайта ем алуға мәжбүр.
Міркәрімнің сөзінше, салмақ қоса бастағаннан себебін анықтап, ем алмаса соңы қиынға айналады. Өйткені, салмақтан арылудан бөлек басқа дене мүшелерінің дерті жығылған үстіне жұдырық болып, оны емдеу де оңайға соқпайды.

Артық салмақ, семіздік — дене салмағының индексі (ДСИ) бойынша есептеледі. ДСИ = Дене салмағы (кг) / Бойының ұзындығы (м2). Мәселен, салмағы 79 келі, бойының ұзындығы 179 см болса, ДСИ формуласымен есептеп көрейік. Дене салмағының көрсеткішіне бойдың ұзындығының екі еселенген мәніне (квадратына) бөледі. 79кг/(1,79м*1,79м)=79кг/3,2=24,6 нәтижесі шығады. ДСИ=24,6. Бұл денесалмағының қалыпты екендігін білдіреді.
Дене салмағының қалыптан аз, қалыпты, не қалыптан артық екенін мына кестедегі мәндерден де білуге болады. Қалыпты ДСИ — 18,5-24,9 аралығы.

 

Ғани АХМЕТБАЕВ, ОҚО балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған Ұлттық спорт мектебінің директоры:

— Атпен байланысты ұлттық спорт түрлерінің барлығының адам денсаулығы үшін пайдасы көп. Мұны бабаларымыз ерте кездерден-ақ білген. Ат құлағында ойнайтын азаматтың бірінші түр-тұлғасы сымбатты болады. Олардың салмағы 100 келіден асса да, артық май жинамайды. Адам атқа отырғанда, шапқанда «құлап қалмайын» деп бойын жинап, іс-әрекетін бақылауда ұстайды. Осының өзіне адам энергия жұмсайды. Ат үстінде бүкіл ағза жұмыс жасайды. Бұлшықет үздіксіз жұмыс істейді әрі денеге массаж, астың қорытылуы жақсарады дегендей. Әрі адамды ширақтыққа үйретеді. Соңғы уақытта спорт мектебіне денсаулығын жақсарту үшін атқа мінуге ер адамдар көптеп келуде. Дәрігерлердің тағайындаған емімен атқа мініп, денсаулығын жақсартқан жандар саны аз емес. Айта кетейін дегенім, атқа отыру денсаулық жағынан ғана емес, адамды рухани тұрғыдан да байытады. Мұны өмірде өз тәжірибемнен байқадым. Мектептегі балалардың бір-біріне қамқорлығы, жанашырлығы атқа деген мейірімнен қалыптасқан.

Маман кеңесі

— Артық салмақ дұрыс тамақтанбаудан орын алып жатыр. Тағам түрі көбейген сайын ауру түрлері де көбейеді. Семіздік дертімен ауыратын науқастар санының да артуына тамақтану мәдениетін сақтамау әсер етіп жатыр. Тамақтану мәдениетін үйренбей, онымен күресу мүмкін емес, — дейді Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ғылыми қызметкері Жанар Ботабекқызы. Ол артық салмақ жинамау үшін, мынадай кеңестерін ұсынады:

  • Адам ашыққан кезде ғана тамақ жеуі қажет. Бей-берекет, мезгілсіз тамақтануды әдетке айналдырмаған жөн;
  • Күніне 400-500 гр көкөніс және жеміс-жидек жегенде ағзаға жиналған артық майды сыртқа шығарады. Сондай-ақ, майлардың ағзаға сіңуіне жол бермейді;
  • Күнделікті жейтін тағамды мөлшерлеген дұрыс. Аз-аздан, жиі-жиі тамақтаныңыз;
  • Бір тағамды күн сайын ішіп-жегенде ағза семіздікке бейім болады. Мәселен, нан немесе ұннан жасалған асты жей беру – ағзаға пайда бермейді;
  • Бұршақ тектес тағамдар құрамында етті алмастыра алатын пайдалы заттар қоры мол. Сондықтан арасында асбұршақ, лобия, секілді азықтардан тамақ дайындаңыз.
  • Ақ нан, ақ қантқа әуестенбіңіз. Бұлардың ағза үшін мүлдем пайдасы жоқ.

ТҮЙІН: Ойланып көріңізші? Соңғы рет қашан тізе бүгіп, еден сүрттіңіз? Есік алдын сыпырып, бау-бақшаның тірлігіне араластыңыз. Ал, ер адамдар атқа мініп, қай кезде қыш қалап, үйінің шатырын жапты екен… Семіздікті күресуді өзімізден бастайықшы!

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ