Ауруын жасырып, басқаға жұқтырды

384

Шымкент қаласында АИТВ (ВИЧ) індетін қасақана жұқтырған азамат сотталды. Ол қанында қауіпті вирустың бар екендігі біле тұра жасырған. Жасырып қана қоймай, екі адамға ауруын жұқтырып үлгерген. Алдымен, азаматтық некеде тұрған әйеліне. Сосын, вирус анасының сүті арқылы сәбиіне берілген. Әл-Фараби аудандық соты айыпталушыға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бір ай ішінде 1,5 млн теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Сот жабық түрде өтті. Айыпталушы соңғы сот отырысына келмегендіктен, сот үкімі сырттай оқылды. Тілхатпен бостандықта жүрген айыпталушы ізім-ғайым жоғалды. Жазаға кесілген азаматты құқық қорғау органдары іздестіріп жатыр…

Өңірімізде мұндай сипаттағы іс бірінші рет қаралып отыр. Зардап шегуші болған жайды бүгіп қалмай, «айыпты жазасын тартуы керек» деп шағымдануы да алғашқы жағдай. Әңгімені әріден бастасақ…

ВИЧ жұқтырған келіншектің әңгімесінен…

-Күйеуіммен дәм-тұзым жараспай балам төрт айға толғанда ажырастық. Анам болса ерте қайтыс болып кетті. Салт-дәстүрге берік туыстарым ажырасып келгендіктен туған үйімнің босағасын аттатпады. Бірге жұмыс істейтін танысымның үйін паналадым. Жұмыс істейін десем балам кішкентай. Жоқшылық, аш та тоқ күндер, баламның болашағы… Күнімді көруге әркет жасадым. Өмірде осылай қиналып жүргенде бір танысым, бір ер-азаматпен таныстырды. Анасымен бірге тұратындығын және тұрмыстық жағдайы да жақсы екендігін, «қиналып күн кешкенше, бір еркектің етегінен ұста» деп ақылын айтты. Бұл кезде балам жасынан асып қалған еді. Бір айдай телефонмен сөйлесіп жүрдік. Қалада бетпе-бет кездестік те. Бұл кезде ол өзін өте байыпты ұстады. Көлік сатумен айналысатынын айтты.

Бірінші некеде күйеуімнен бетім қайтып қалғаны рас. Алғашында сенбедім. Ойымды айтқанда, отбасына апарым анасымен таныстырды. Үйінде інісі де тұрады екен. Осыдан кейін ғана тұрмысқа шығам деген шешімге келдім. Келін болып түсіп, неке қидырдық. Оның шындықтары күн сайын шыға бастады. Есірткіге әуес, ешқандай да жұмысы жоқ екен. Бизнес деп жүргені інісінікі болып шықты. Отбасылы болғаннан кейін де жұмыс істеуге ниеті де болмады. Екі бірдей дені сау ересек адамның анасының тапқанын ішіп-жеп жатқаны менің жаныма батты. Төрт айдан кейін өзім ол үйден кеттім. Осыдан кейін балам да мен де қайта-қайта ауыра бердік. Тексері келе ВИЧ жұқтырғанымыз белгілі болды.

Алғашында өмір сүргім келмей, мұндай індеттің неліктен менің тағдырыма жазылғандығын ойлап, «өмір сүрудің өзі керек па жоқ па» деген ойлар мазалаумен болды. Ешкімге қиянаты жоқ жан едім… «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоғамдық қорына келдім. Өмірде жақсы адамдардың бар екендігіне көз жеткіздім.

АИТВ:
* АИТВ жұқтырған адаммен қорғалмаған (мүшеқапсыз) жыныстық қатынаста болғанда;

*АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік, босану және емізу кезінде).

* Парентеральды (науқас адаммен ортақ шприцті, инені және басқа медициналық, қырыну құралдарды пайдаланғанда) жұғады.

Махаббаттан емес, мәжбүрліктен тұрмысқа шықтым. Арқа тұтар бір азамат мені тығырықтан шығара деген үмітімнің соңы жарға жықты.. Отбасын құрарда қыз-келіншектер болашақ жарының кім екендігін білгені дұрыс екен. Медициналық тексерілуден ұялмай өтуін талап етсін. Ол азаматты сотқа бергенім, жасаған қателіктерім өзгелерге сабақ болса дедім. Мен секілді алданып қалмаса екен. Себебі, маған ВИЧ жұқтырған азамат менен бұрын да қаншама әйелмен үйленіпті. Менен ажырасқан соң да тағы бір келіншекпен бас қосыпты. Ол әйел маған хабарласып, вирусты бұрынғы күйеуінен жұқтырған шығарсың деп жала да жапты.

Жанетта ЖАЗЫҚБАЕВА, «Балаларды СПИД-тен қорғау» қайырымдылық қорының төрайымы:
– Медицинада дені сау ұрпақ әкелу үшін – отбасын жоспарлау деген ұғым бар. Бұл ұғымның аясында келешек өмірдің қауіпсіздігі де кіруі тиіс. Айталық, отбасын құрар кезде әсіресе, жастар толыққанды медициналық тексерілуден өткені жөн. Себебі, соңғы болған оқиға қоғамдағы әрбір жанды ойландырса дейміз. Бұл жағдайды айналадағы кез келген адам басынан кешуі ғажап емес. Кеселден ешкімді сақтандыру да мүмкін емес. Қазақшылыққа салынып, «құдай сақтасын» деп жауапкершілікті Жаратушыға жүктеп қоюға болмайды. Бұрынғы заман жоқ. Бүгінде бәрі басқаша. Отбасына, балаларына қауіп төндірмеуде екі жақтың бір-бірінің денсаулығын білуі міндетті саналса дұрыс болар еді.

Қасақана әрекетке барған 49 жастағы ер азамат «СПИД-тің алдын алу және онымен күрес» орталығында бұрын есепте тұрған. Наркологиялық диспансерге де тізімге алынған бұл азамат бірінші әйелімен ажырасып, одан екі баласы сүйген. Тіпті, немерелері де бар. Бұрын сотты болған. Шет мемлекеттерде жұмыс істеп келген. Жаза тағайындалған сотталушының қанынан АИТВ инфекциясы 2001 жылы табылыпты.

Сақтанудың жолы қандай?

«СПИД-тің алдын алу және онымен күрес» орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Машировтың сөзінше, АИТВ – баяу инфекциялар тобына жатады, жұқтырған адамда клиникалық белгілері 6-15 жылдан кейін байқалады. Оған дейін сырқаттың белгілері болмайды. Инфекция қан сынамасын арнайы АИТВ-ға тексергенде ғана анықталады, басқа медициналық зерттеу-тексерулер кезінде анықталмайды. Бүгінде, аурудың көбеюіне қорғалмаған, бейберекет, жыныстық қатынас себеп болып отыр. Яғни, кез-келген адаммен сақтанбай төсек қатынасына барудың соңы – ғасыр індетіне шалдықтыруда.

Республикада ВИЧ-пен ауыратын
29 854 адам тұрса, оның
2 983-і біздің өңірде тіркелген

ТҮЙІН: АИТВ-ны жұқтыратындардың дені, жеңіл жүрісті әйелдер немесе есірткі тұтынатындар ғана деген қате пікір. Өткен жылғы статистика бойынша, өңірде соңғы тіркелген 192 адамның 13%-ы ғана есірткі тұтынушылар болыпты. Ал, 73,4%-ы жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар екен. Демек АИТВ-ны жыныстық жолмен жұқтырғандардың үлесі басым. Бейтаныс, қорғалмаған жыныстық қатынастан сақтаныңыз.

 Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ