Бұрын шағын шаруашылықтар өндірілген өнімін кепілдікпен өткізу тұрмақ, оны нарыққа, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізуі мүмкін болмайтын. Өнімді сатқанда кеткен шығынын да ақтай алмайтын. Салдарынан тозған техниканы жаңарту, инвестициялық субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізу мұң болатын, шаруа үшін…
Енді ұсақ шаруа қожалықтары ірілендіру аясында мемлекеттен көптеген қолдауға ие болады.
ҚР №372-V «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы 2016 жылы 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Былтыр күшіне енген заңның арқасында шаруалар тіпті саманнан салынған үйі мен техникасын кепілдікке қойып несие алады.
Олжа Құрбанов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы кооперациялауды және МТС-ді дамыту бөлімінің бас маманы:
– Кооператив мүшелері өнім өндіру, өткізу, қайта өңдеу жағынан көптеген артықшылықтарға ие болады. Кооперативке кіргенде өздерінің заңды және экономикалық тәуелсіздігін сақтайды, яғни өз жерінің, өндірген өнімінің және ауыл шаруашылығы техникасының иесі болып қала береді. Өндірген өнімін өткізуде де кепілдік беріледі. Бірлесіп өндірген өнімді үлкен партиялармен өткізеді, сол себептен түскен табысы да ұлғаяды.
…Шағын фермерлердің басты мәселесі – білікті мал дәрігері, ұрықтандыру маманын тұрақты жұмысқа алуға жағдайлары келмейді. Әрі бұл мамандар тапшы.
Ұсақ шаруа қожалықтары қолда бар аз-маз техникасымен жыртығын жамай алмай жүр. Ескі техникасының жүргенінен тұрғаны көп. Мемлекет көмегімен техникаларын жаңартып алуға мүмкіндік туады. Өнімдерін қайда өткіземін деп те бас қатырмайды.
Ғалия Әкімбекова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ҒЗИ өкілі:
– Үлкен көлемдегі кепілдіктің керегі жоқ. Қаржылай қолдау қоры шаруа қожалықтарына тиімді микрокредиттер ұсынады. Ең бастысы өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайда өткіземін деп бас қатырмайды. Жанармай, тұқым, тыңайтқыш, техникалары да жеңілдетілген бағамен беріледі.
Сондай-ақ, кооперативтер салықтың бес түрі: корпоративтік, мүлік, жер салығы, транспорт салығы, әлеуметтік салықтар, қосымша құн салықтары бойынша 70% жеңілдік алады. 70 пайыз жеңілдік алу – бұрын соңды көрсетілмеген көмек.
ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының
кооперациялауды және
МТС-ді дамыту бөлімінің тел: 29-00-22
Call-орталық тел:
8-800-080-80-10 (тегін)
«Агробіліктілік»
орталығының сайты:
fermers.kz
Ауылшаруашылық саласында басым дақылдарымен айналысатын кооперативтерге бірінші кезекте мемлекеттік қаржылай қолдауға, субсидия алуға басымдық беріледі:
- отандық тұқымдар құнының 30%; оригинал мен элита тұқымдар 70%, 1 репродукциялы мақта, майлы және мал азықтық тұқымдар құнының 50% төленеді;
- отандық тыңайтқыш пен гербицидтердің құны 50%, шет елдердерден әкелінгені 30% құны мемлекеттен төленеді;
- бау шаруашылығының 1 га көшеттер саны мен жасына қарай жеміс дақылдары, алма мен жүзім шығындарына 40% төленеді;
- Қайта өңдеуге, шикі сүт сатып алу шығындарына мемлекеттен 20-25%, сары майдың 1 кг-на 50 теңге, қатты ірімшіктің 1 кг-на 20 теңге төленеді;
- шитті мақтаның әр сараптамасы үшін 1150 теңге мемлекеттен қаржыландырылып, кооперативтерге тегін қызмет көрсетіледі;
- ауыл шаруашылығының барлық түрлерін несиелендіру бағытында (мал сатып алу, техника алу т.б.) қаржы институтарының 14%-ның 7%-ы мемлекеттен қаржыландырылады;
- мал бордақылау алаңдарында 50 бас сиырдан, 300 бас қойдан, 100 бас жылқы мен түйеден кем емес болғанда, пайдалануға сатып алынған техника құнының 50% төленеді, құдық қазуға жайылым жері 20 га-дан кем емес шығындары үшін 80 %, қарқынды алма бауына 5 га кем емес техника үшін 50% құнын, тамшылатып суару, жылыжай, жеміс-көкөніс сақтау қоймалары, мал қоралары, кондитер, ет өңдеу, май өндіру кешендері үшін техника, құрал-жабдықтар мен қондырғылар құнының 30% мемлекеттен инвестициялық субсидиялар төленеді.
Гүлжан ЖҰМАШ