Жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлықты жою үшін жуырда жаңа заң жобалары бекітілуі мүмкін. Ережеде, әсіресе, медициналық-педагогикалық мамандықтар бойынша білім беретін университттер мен саланы меңгеріп жүрген студенттердің қадамы жіті қадағалауға алынбақ. Мұндай ақпарды күнгейлік жастармен кездескен парламент сенатының депутаты Әли Бектаев айтты.
Сенатордың сөзіне сенсек, жаңа бастама еліміздегі білім жүйесінің ғана емес, әлеумет және экономикасының да өркендеуіне сеп болмақ. Кездесу аясында жастар Әли Әбдікәрімұлына көкейінде жүрген сауалдарын да қойды. Тың ұсыныстарын айтты.
Бастауыш кәсіпкерлер үшін қаралған жағдайлардың қайта қаралуын алға тартып, осы мақсатта мемлекет тарапынан бөлінетін несиенің пайыздық өлшемін азайтуды сұрады. Сондай-ақ, сенатор «Ауыл» әлеуметтік-демократиялық партиясының төрағасы қызметін әлі күнге өзі атқарып жүргенін және жуырда «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар өзгеріс енуі мүмкін екенін жеткізді.
Әли Бектаев, Қазақстан парламенті сенатының депутаты: «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаны өзгерту қажет. Бағдарлама аясында қазір жас мамандарды ауылға күштеп апарып жатырмыз, үй, жер әпереміз, жұмысқа тұрғызамыз деп. Бірақ, соңында дәл сол жастардың көбі сол елдімекенде тұрақтап қалып жатқан жоқ. Одан қайта «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаны «Ауылдан дипломға» деп ауыстыру қажет. Яғни, ауылдағы жастарды алып келіп, жоғары білім беру қажет. Жаңағы баспанаға жұмсалып жатқан қаражатты сол жастардың білім алуына жұмсау қажет! Шәкіртақысы мен жатақханасына, өзге де қажеттіліктеріне қаржы тауып беру маңызды. Міне, содан кейін ғана жас маман еліне, ауылына өз еркімен келіп қызмет ететін болады».