Күнгейлік кәсіби суретші, мүсінші Ұзақбай Көшкінбаев — 70 жаста. Мерейтой құрметіне орай қылқалам шебері жерлестерінің алдында есеп берді. Бейнелеу өнері мұражайында өрбіген көрмеге otyrar.kz сайтының редакциясы да арнайы барып, кеш кейіпкерін құттықтап қайттық.
Жасынан қылқаламын жанына серік еткен суретші кезекті кескін-туындысын таныстыруда тосылған жоқ. Әлі бояуы кеппеген бейне-еңбектеріне қарап, өзінің қанаттанғанына куә болдық. 70 жасқа толып, жерлестеріне есеп берген Ұзақбай Көшкінбаев қолынан шыққан мүсіндері мен суреттерін «сөйлетудегі» сыр-құпиясын жасырмады.
Ұзақбай Көшкінбаев, суретші, қолөнер шебері: «Кез келген дүниені жасаудың алдында көп ізденемін, тарихи кітаптар ақтарамын. Ізденісім біткен соң ғана жұмысымды жасауға бекінемін. Мен көбіне табиғатты саламын. Ондағы тау-тасты сол пейзажбен суреттеген ұнайды. Ал қазір Төлебиді салу, оның табиғатын бейнелесем деп мақсат қойдым».
Көшпенділер өнерінің көне дәстүрлері көрініс тапқан туындыларды тамашлауға келген көпшіліктің де қарасы қалың болды. Әсіресе, киіз, алаша, текемет сынды халықтың қолданбалы дүниелеріндегі қайталанбас өрнектер де сырлы-суретке сыйған. Сондай-ақ, шаһарымызда бой көтерген бірегей тарихи-ескерткіштердің авторы өзінің жеке көрмесіне тас-бейне- мүсіндерін қоюды да ұмытпаған. Еңбектерімен етене танысқан тұрғындар мен өнердегі әріптестері, қолөнершінің қолтаңбасы ерек десті.
Кәсіби суретші, мүсінші Ұзақбай Сейфулдаұлы бүгінге дейін 1000-ға тарта тұщымды туындылардың авторы атанып үлгерді. «Ауылда», «Түлкібас», «Сауын шақ» сынды 100-ге жуық елеулі еңбектері мерейтойлық мәдени шараның төрінен табылыпты. Енді осы шығармаларымен өзге де жерлестеріміз апта бойы көрмеге келіп, таныса алады.