Кітапхана тек ақпаратты алып қана қоятын орын емес, зерттеу орталығы болуы тиіс. Бұл ретте кітап оқуды қызықтырудың әдістерін терең меңгеріп, өз тәжірибелерінде қолдана білген елдерден үйренеріміз көп. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагог-оқытушылары халықаралық тәжірибені, заманауи озық әдістерді өз жұмыстарында қолданып, кез келген оқырманға бар білетін дағдыларын үйретуге кірісті.
Сол мақсатта шетелдік мектеп кітапханасының жұмысын үйлестіретін озық тәжірибелі мамандарды жүйелі түрде шақырып, түрлі семинарлар ұйымдастырып келеді. Бұл туралы Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері Ағаділ Аида Төлендіқызы «Оқушылардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуын қалыптастыруда оқу сауаттылығы дағдыларын жетілдіру» атты семинар барысында айтты.
Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ДББҰ филиалдарының педагог-кітапханашыларына арналған біліктілік жетілдіру курсы ұйымдастырылды. Сеул қаласынан арнайы шақырылған сарапшылар — педагог-кітапханашылар қауымдастығының вице-президенті Чон Бо Ра мен Сонгок қыздар гимназиясының кітапхана бөлімінің меңгерушісі Ли Док Чжу 3 күн бойы еліміздегі 20 Назарбаев зияткерлік мектебінің кітапханашыларына түрлі тақырыпта дәрістер оқыды. Шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, семинарды ойын түрінде өткізді.
Чон Бо Ра, педагог-кітапханашылар қауымдастығының вице-президенті: «Аталған семинардың мамандарға берері көп деп ойлаймын. Өйткені біз кітапханашының жұмысын жан-жақты талдап, оқу дағдыларын арттыруда, кітап фестивалін ұйымдастыруда көптеген әдіс-тәсілдірді меңгердік. Сонымен қатар біз теориялық сабақтар емес, практикалық жұмыстарға мән береміз. Өйткені кез келген педагог-кітапханашы көріп, үйренгенін болашақта өз тәжірибелерінде қолданып, өзгелерге де үйрете білуі тиіс.
ДББҰ білім беру саясаты және бағдарламалар департаменті ұйымдастырған біліктілікті жетілдіру семинары пән мұғалімдерімен шығармашылық ынтымақтастық бағыты және практика, «BOOK FESTIVAL-ді» жоспарлау және оны өткізу, мультимедианы пайдалану әдістері және практика сынды мәселелерге арналды.
Шетелдік оқытушылар «Суретті пайдалану арқылы әңгіме құрастыру. Мұғаліммен өзара қарым-қатынас орнату», «Кітап фестивалін өткізуді жоспарлау», «Педагог-кітапханашы жұмысының бағыты – барлық ресурсты пайдалану, кез келген оқуды қолдау», «Мерзімді басылымдар» арқылы оқыту әдістемесі» тақырыбында дәрістер оқып, кітап оқуды қызықтырудың заманауи әдістерімен, тәжірибелерімен бөлісті. Айта кетейік, Оңтүстік Корея елі оқу сауаттылығы жағынан PISA халықаралық бағалау жүйесінде алғашқы орындарды иеленеді.
Аида Ағаділ, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының білім беру саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері: «Оңтүстік Кореядан сарапшылар биыл Қазақстанға төртінші рет келіп отыр. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруда жаңа әдістерден кітапханашыларымыздың үйренері көп екеніне сенімдіміз. Өйткені кореялықтар кітап оқуды қызықтырудың заманауи әдістерін терең меңгерген. Аларымыз көп. Оның үстіне кітапхана тек бір ақпаратты алып қана қоятын орын емес, зерттеу орталығы болуы тиіс. Сол биікке жету үшін қадамдар жасап жатырмыз. Бұл біздеге функционалдық сауаттылықты, ақпараттық, зерттеу сауаттылықты дамытатын, сыни, креативті ойлай алатын дағдыларды үйрететін орталық. Сондықтан жан-жақты, заманауи талапқа сай, ХХІ ғасыр талабына сәйкес болу үшін арнайы семинарларды мектеп саласында жұмыс істап жатқан тәжірибелі сарапшыларды шақыра отырып өткізудеміз.»