Cмартфон ұстаған сыныптың оқушысы емес, енді мектеп директорына шара көріледі. Істің соңы, тіпті, қатаң сөгіспен аяқталуы мүмкін. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшылығы мәлімдеді.
Айтуларынша, бұл бастама мектеп шәкірттерінің өміріне араша болмақ. Яғни, қоғамдағы қауіпті «Көк кит» және «Тихий дом» ойындарына тұсау салады. Енгізілген өзекті жүйе және білім ұяларының тәртіпке бағынуын біз де бақылап қайттық.
Шымкенттегі №77 мектептің күн тәртібіне бір жетіден бері өзгеріс енген. Алдымен оқушылардың сөмкесі мен киімдерінің қалталары жіті тексеріліп, содан соң ғана сабақтың басталуына рұқсат беріледі.
Нұрсұлу Шыналиева, №77 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Оқушы смартфон, телефондармен мектепке кіргізілмейді. Аптасына екі рет арнайы тексереміз, әзірге тәртіп бұзған бала жоқ».
Енгізілген жаңа ережеге шәкірттердің бірі үрке қараса, екіншісі бастаманы құп көреді. Бірақ, ешқайсысы мектептен тыс уақытта әлеуметтік желіге телміретіндерін жасырған жоқ.
Айдана Өсер, № 77 мектептің оқушысы: «ВК деген — ол қазір әлемде барлық адам қолданатын әлеуметтік желі, өзім де кіремін 2 жылдан бері. Онда араласатын 50-дей досым бар. Бір-бірімізге жазып, сонда кей кездері сабақта берген үй тапсырмаларын орындаймыз».
Дәл осы ғаламтордағы қауіпті «Синий кит» және «Тихий дом» ойындарына енгендер тізімінде Оңтүстіктің 500-ге тарта оқушысы бар екені анықталыпты. Мұны мәлімдеген облыстық білім басқармасы басшылығының айтуынша, әзірге сол жеткіншектердің небәрі 31-нің ғана есімдері белгілі болған. Қалғандары топқа лақап атпен тіркеліпті. Ал қайғылы жағдайдың алдын алу үшін мамандар қол қусырып отырған жоқпыз дейді. Сөздеріне сенсек, оқушылардың мектепте ұялы телефон, смартфон ұстауына қатаң тыйым салыныпты. Ал ережеге бағынбаған білім ұясының басшылығына шара көрілмек.
Ержан Бұрханов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Мектеп басшылығына Еңбек кодексіне сай шаралар қолданамыз. Онда тәртіптік шараның біршама түрі бар: ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметіне сай келмеу, т.с.с. Енді оның барлығы заңда көрсетілген. Жүйелі түрде заң бұзушылықтар болатын болса, оған сөгіс немесе қатаң сөгіс беріледі».
Мамандар өзекті мәселеге ата-аналардың да бей -жай қарамауын ескертеді. Себебі мектептен тыс уақытта смартфонға телміріп, бейтаныс топтарға енген жеткіншектер жетіп-артылады. Айта өтетін ақпар, бүгінде Оңтүстікте 1028 мектеп бар. Онда 611 000 оқушы білім алады.