Микроқаржы ұйымдарынан несиені қалай алуға болады?

987

С: Микроқаржы ұйымдарынан несиені қалай алуға болады, талаптары қандай?

Ж: Микроқаржы ұйымдарының қызметіне көбіне шағын және орта кәсіп иелері жүгінеді. Мұндай ұйымдардан несие алу оңай емес. Бірнеше талаптары бар. Алынатын несиенің қайтарымын қамтамасыз ететін кепіл зат қойылып, нақты жобасы болу қажет. Өйткені алынған несие мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс. Несие тарихы, құжаттар толық заңды болу керек. Осы талаптарға сай келетін кез-келген жоба иесі несие рәсімдеуге өтініш білдіріп, 12 миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. «Өз кәсібімді ашсам» деген азаматтарға арналғандықтан «тұрақты жалақысы болуы керек» деген талап жоқ.

Микроқаржы ұйымының несиелерінің жылдық сыйақысы 7 пайызбен, ал сырттан тартылған яғни, басқа қаржы институттар арқылы берілген несиенің жылдық сыйақысы 14%-ға дейін, қаржы лизингі — жылдық сыйақысы 9%-бен, республикалық бағдарламалар бойынша қаржыландыру – жылдық сыйақысы 7%-ға дейін, қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін беріледі.
Тек ауылшаруашылық мақсатында ғана емес балабақша, спорт кешені, наубайхана, дәмхана ашу сынды жобаларды да қаржыландыру үшін несие алуға болады.

АЙТПАҚШЫ…

Ұсақ шаруа қожалықтары кооперативтерге біріккен жағдайда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» тиімді микронесиелер ұсынады.

Сүт қабылдау бекеттері мен жем шөп алаңдарын дайындау үшін жеңілдетілген 6 пайыздық несие береді. Сүтті бағыттағы шаруашылықты дамыту үшін «Ырыс» бағдарламасы арқылы 7 жылға дейінгі мерзіммен 13 млн теңге алуға болады. Жылдық сыйақысы 6%.

«Береке» бағдарламасы бойын-ша 54 айға 40 млн теңгеге дейін алады. Жеңілдетілген несиелер мал бордақылау, сүт қабылдау бекеттерін ұйымдастыруға, мал сою бекеттерін және жем-шөп цехын салуға қаржы институттарынан 4,8% пайызбен 3-5 жылға 3 млн-нан 16 млн теңгеге дейін несиелендіру жүргізілуде. «Игілік» бағдарламасы бойынша 3-6 млн теңге аралығында жылдығы 6 пайызбен несие рәсімдей алады.

«Бірлік» бағдарламасы сүт қабылдау бекеттеріне құрал жабдық алу үшін қарастырылған.

Гүлжан ЖҰМАШ