Оңтүстік туризмінің 4 бағыты

1673
фотоны түсірген: Ержігіт Жұмаділ

Бүгінде теңіз асып, тау басып шетелге сабылмай-ақ, өзімізде де керемет демалыс ұйымдастыруға болады. Ол үшін түрлі бағыттағы демалыс орындары жетерлік. Табиғаты көркем аймақты аралағыңыз келе ме, жағажайда жатып күнге қыздырынуды қалайсыз ба, әлде қыстың күні таудың қарын омбылап, шаңғы тепкіңіз келе ме?! Мархабат. Бізде бәрі де бар. Тек қызмет сапасын жақсартып, жоғары бағаны тұсауласа жетіп жатыр. Баға демекші… Демалыс орындарының қожайындары ұсынып отырған қызметтерін Дубаймен шатастырады-ау осы. Баға айға аспандап тұр. Қызмет сапасы соған сай болса қанекей…

Облыста ішкі туризмді төрт бағытта дамыту үшін арнайы жоба жасалды. Төлеби және Түлкібас аудандарында – табиғат аясындағы демалыс, Сарыағашта – емдік-сауықтыру, Шардарада – жағажай туризмі, Түркістан мен Отырарда – тарихи-мәдени туризмді дамыту қолға алынған. Өңірімізде аталған төрт бағытты дамытудың мүмкіндігі мол.

фотоны түсірген: Ержігіт Жұмаділ

Табиғат аясындағы демалыс

Төлеби ауданының аумағында орналасқан «Алатау» тау шаңғысы базасы, «Тау самалы», «Біркөлік» демалыс аймағы, «Айна бұлақ», «EkoVillaige Kaskasу», «Красные скалы», «Нұрлы аймақ», «Жерұйық», «Байқоңыр» және «Ақ мешіт» шатқалдарындағы демалыс аймақтарына келушілердің қатары жылдан жылға артып келеді. Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық саябағы бар.

«Алатау» тау шаңғы базасы аудан орталығы Ленгер қаласынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан.

«Алатау» тау шаңғы базасындағы баға:
Аспалы жолмен серуендеу – 500 теңге.
Шаңғы, шананы жалға алу – 3 000 теңге.
Көлікпен кіру ақысы – 1000 теңге.
Көліксіз кіру ақысы – 400 теңге.
Атпен серуендеу сағатына – 300 теңге.
Коттедж жалдау: бір тәулікке 4 адам үшін – 32 000 теңге.
Мұның ішіне таңғы тамақтану, бильярд кіреді.

фотоны түсірген: Евгений Ким

Сайрам-су шатқалында орналасқан «Альтекс» демалыс аймағы да өз келушілеріне сапалы қызмет көрсетуде. «EcoVillage Каскасу» демалыс аймағына жыл он екі ай демалушылардың қарасы үзілмейді. Балық аулау әуесқойларына таптырмайтын орын.

«EcoVillage Каскасу» бағалары:
Ағаштан жасалған үйлерді жалға алу бір тәулікке 6 адам үшін -75 000 теңге.
«Комфорт» коттедждерде 4 адамға дейін — 40 000 теңге.
«Стандарт» коттеджде 4 адамға дейін — 25 000 теңге.
Балық аулаушыларға арналған үй 4 адамға — 40 000 теңге.
Киіз үй 5 адамға дейін — 15 000 теңге.
Тұрусыз жәй ғана серуендеуге барсаңыз кіру ақысы – 3 000 теңге.
Балалар үшін — 1 500 теңге.
7 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
Қарда жүретін көлікті жалға алу – 1000 теңге.
Теннис, бильярд – 1500 теңге 60 минут.
Атпен серуен 60 минут – 2 500 теңге.

фотоны түсірген: Сәбит Тастанбек

Жағажай туризмі

Жағажай туризмі десек ең әуелі Шардара су қоймасын еске аламыз. Осындағы керемет демалыс орындарының бірі Golden Beach Resort курорты . Мұнда суға шомылып, балық аулаудан бөлек сан алуан қызмет түрі ұсынылады. Қалада 5 қонақ үй бар. Олардың бағасы тәулігіне 2 000-нан 9 000 теңгеге дейін.

Емдік-сауықтыру

Емдеу-сауықтыру бағыты бойынша Сарыағашқа жарнама жасаудың өзі артық. Атақты курортымызға жылына миллионнан астам адам келіп, ем-дом алады. Курортты қалашықта 22 санаторий бар. Бөлмелердің бағасы тәулігіне 3000-нан 190 000 теңге дейін барады. Одан бөлек ауданда 19 қонақ үй бар. Курортты аймақта минералды суларды тартатын 6 ұңғыма бар.
Олар – «Сарыағаш» курортында- 2, «Әсем-ай» -да 2, «Арман» және «Алтын-бұлақ» санаторийлерінде бір-біреуден.

фотоны түсірген: Ержігіт Жұмаділ

Тарихи-мәдени туризм

Тарихи-мәдени туризм бағыты бойынша өңірімізге көптеген туристер Түркістанға, Отырардағы кесенелерге зиярат етіп келушілердің қарасы қалың. Түркістан қаласында 14 қонақ үй бар. Олардың орташа бағамы тәулігіне 2 000-нан 20 000 теңгеге дейін барады. Зиярат етушілерге «Ontustik Tourism Center» бірнеше туристік бағыттар ұсынады. Олар: Сансыз бабтар мекені Сайрамға, Домалақ ана кесенесіне, Түркістан және Отырарға арналған.

«Ontustik Tourism Center» мекемесі ұсынатын турпакеттер:
Сайрамға «тарихи-мәдени тур»
Пакет құны:
10 адам – 30 000 теңге.
20 адам – 40 000 теңге.
30 адам – 55 000 теңге.
Осы құнға кіреді:
1. Жол көрсетуші
2. Топтың басшысына тегін
Отырар ауданы мен Түркістан қаласына «тарихи-мәдени тур»
Тур пакет құны:
10 адам – 55 000 теңге
20 адам – 75 000 теңге
30 адам – 115 000 теңге
40 адам – 165 000 теңге

Гүлжан ЖҰМАШ