Жоғарғы оқу орнын таңдау шешуші өткелдердің бірі екені белгілі. Сондықтан бұл таңдауда өмірлік нысанға апарар жол қарастырған жөн. Алайда, мүлт кетуің де ғажап емес.
Ересек өмірге жаңа аяқ басқан жастарға дұрыс бағыт көрсететін жан табылса игі. Әдетте оларға бірінші кезекте, ата-ана мен мұғалімдер көмекке келеді. Түрлі университеттердің жарнама жетегінде кететіндері тағы бар. Алайда, оның салдарын көретін жастардың өзі. Бұл отандық оқу ордаларына да, шетел университеттеріне де қатысты.
Соңғысына келгенде арнайы агенттіктерде кеңесші мамандар бар екенін айта кетейік. Осындай кеңесшілердің бірі Жарқынбекова Айжан өз тәжірибесімен бөліседі:
— Бізге келген әр оқушыға алдымен мамандық, сосын тиісті университет таңдауға көмектесеміз. Бұл ретте әрбірінің жеке талаптары, алдына қойған мақсаттары шешуші рөл ойнайды. Жыл сайын шетелде білім алуға елімізден 100-ге жуық талапкер жібереміз.
Бұл шетелде білім алғысы келетін және ол үшін мүмкіндігі бар балаларға қатысты. Ал қалған оқушылардың жайы не болмақ?
7 ақпан күні Шымқалада дәл осы мәселеге төңірегінде семинар өтті. Оған арнайы шақырылған қонақ – Оңтүстік Флорида университетінің профессоры Глен Бестерфилд. Ол әрбір талапкерге бұл жауапкершілікті өз мойнына алып, университетті алты көрсеткішке сүйене таңдауға кеңес береді.
— Әр талапкер өзіне мынадай сұрақтар қою керек: Университеттің орналасқан жері маған ұнай ма? Оның рейтингі қандай? Оқу бағдарламасын түгел қамти ма? Мен оқуға қабылдау талаптарына сай келем бе? Соңғысы ұл әр оқушының үлгеріміне қатысты. Сондай-ақ, онда оқитын студенттер саны көп пе? Және, әрине, оқу ақысы қаншалықты қол жетімді?
Глен мырза елімізде атаулы семинарды алғаш рет өткізіп тұрған жоқ. Оның айтуынша, қазіргі таңда Құрама штаттарда 2000 қазақ студенті оқиды. Оның 26-сы, яғни, 1 пайызы Оңтүстік Флорида университетінің студенттері. Профессор Бестерфилд өзінің қазақстандық шәкірттерінің дайындық деңгейіне сүйсінгенін жасырмады.