Жылдар бойы баспанаға мұқтаж болған отырарлықтар жайлы пәтерлерде өмір сүретін болды. Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында ауданда су жаңа 10 көп қабатты үй пайдалануға берілген болатын.
Көп балалы отбасылар, соғыс ардагерлері мен мемлекеттік қызметкерлер арендалық үйлерге қол жеткізді. Су жаңа пәтерге ие болған Фарида Тасболатова қонақ күтудің қамымен жүр. Құтты болсын айта келген туған-туысқа дастархан жайған ол жаңа қонысын тойлауда. Осыған дейін баспанаға мұқтаж болып келген отбасы үшін бұл үлкен қуаныш.
Сала мамандарының сөзіне сенсек, 3 қабатты он үйдің құрылысына облыс бюджетінен 900 млн теңгеден аса қаражат бөлініпті. 180 пәтерге бүгінде бірнеше топқа жатқызылған баспана кезегінде тұрған отырарлықтар жайғасқан.
Жыл аяғына дейін Отырар ауданында тағы 10 үйдің құрылысы басталады. Сала мамандары бұл нысандардың жер телімі бөлініп қойған деп отыр. Қазір құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.