Отырардан түлеп ұшқан түлектер. Аудан әкімі жуырда сансыз баптар елінен шыққан қалталы азаматтардың басын қосты. Мұндағы мақсат — ауданның әл-ауқатын көтеріп, кірісін көбейтетін тың жобаларды қарастыру. Бизнес қауымдастығының өкілдері бұл жолы ресми дөңгелек үстел үстінде емес, еркін алаңға жиналды. Туған жерді түлетудің жолдары туралы пікір алысты.
Дәмге толы дастархан, ақ жайма тілектер, әуезді ән-жыр. Ал мына жәшікті тарту-таралғыны салу үшін қойылған дерсіз. Қалай десек те сырт көзге кәдуілгі той сияқты көрінгенмен, бұл іскерлік кездесу болатын. Бұл — төрден орын алған аудан әкімі Айтаханов мырзаның идеясы екен. Еркін форматта өткен басқосу сансыз баптар мекенінің экономикалық әлеуетін арттыратын, ауданға телегей табыс әкелетін жобаларға жол ашады деген сенім бар.
Кіл қалталылардан аянбаған аудан әкімі осыған дейін жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ірілі-ұсақты кәсіпорындарды іске қосқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
«Алаған қолым — береген». Алғыс хат алған кәсіпкер Бауыржан Әлмахан шұғыл қажеттіліктерге жиналатын қорға қолғабыс етті. Жүгері дәнін өңдейтін кәсіпорын басшысы қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде ауданның брендіне айналған өніммен күнелтіп отырған шаруалар тауар өткізуде бас ауыртпайды.
Еркін форматта дегені болмаса, мұнда да ресми жиындардағыдай баяндама оқылды. Аудан әкімі өткен жылды қорытып, кәсіпкерлер алдында есеп берді. Ал іскерлік жиынға келген кей бизнес өкілдері қай жобаға кірісерін білмей әлі ойланып жүргендерін айтады. Базбіреулер осылай ой үстінде отырғанда, енді бірі іске кірісіп те кетіпті.
Сөйтіп, облыста қолға алынған «Перзенттік парыз» шарасын отырарлықтай осылайша іліп әкетті. Тойға бергісіз басқосудың қандай табысты жобаларға бастайтынын уақыт көрсетеді.