«Сауатты жарнама — қала көркі». Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының мамандары ұйымдастырған акция осылай аталды. Рейд барысында басқармаға қарасты қалалық бөлімнің жауапты мамандары еліміздегі «Тіл туралы» заңның орындалуына назар аударды. Заң бұзушылықтарға қатысты ескертулерін жасады.
Жауапты мамандардан құрылған топ алдымен Бекжан базары аумағында орналасқан коммерциялық нысандарды аралады. Маңдайшасында «Азық-түлік», «Продукты» деп жазылған сауда орнында акцияның мақсатын түсіндіруге тырысқан тіл мамандарына уәж айтушылар бірден табылды.
Сатушы; «Екі тілде жазылуы керек дейді. Жазамыз. Алайда салық қайда түсіп жатыр? Заңсыз саудаларды тексермей ме?!»
Рейд барысында заттарда көрсетілуі тиіс тауарлық жапсырмалар, таңбалар мен нұсқаулықтардың бар-жоғын, қалай жазылғанын тексеру мүмкін болған жоқ. Себебі, жекеменшік нысан иесі рұқсат бермейді. Есесіне мұндағылар шенеуніктерді маңдайшадағы жазулардан бұрын бірінші кезекте әлеуметтік түйткілдерді шешуге шақырды.
«Әрине, қазақ тілін дамытуымыз қажет. Жоғарыдағы басшылар барлығын жасап жатыр, ал жергілікті жерлерде… оларды ешкім тыңдамай ма? Сауатты ғой, кім не жазғысы келсе, соны жазады.»
Мұндай келеңсіздіктерге қарамастан тексеруге шыққан әкімдік өкілдері өз саласында ілгерілеушіліктің барын айтады. Алдыңғы рейдтерде заңсыздықтар анықталып, хаттама түзілген коммерциялық нысандардың бірқатарында талаптар орындалған. Сондықтан, әлі де ескерту жасап, жөнсіздікті түзеуден жалықпаймыз дейді.
Заңғар Байғазы, ОҚО тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының өкілі: «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында рейд өткен болатын. Ол кезде де қателіктер болатын. Қазір түзепті. Сайрамда болдық. Онда да түсіндіру жұмыстарын жүргіздік.»
Шымкентке келген қонақтар да, тұрғындардың өздері де маңдайшалар мен билбордтардағы қателіктерді жиі айтады. Ал оны дұрыстап, түзетуге қатысты тіл туралы, жарнама туралы заңдарды алға тартқан басқарма, бөлім мамандары кәсіпкерлерге барлығын түсіндірумен және хаттама түзумен ғана шектеледі. Олардың өздеріне қатысты да заң сондай. Сондықтан, кәсібін сауатты әрі заңға сәйкес жасаймын деген ісмерлер көрнекі құралдарын әзірлеу, мәтіндерінің сауатты жазылуы, орналасуына қатысты тегін кеңес алуға өздері де қызығушылық танытуы тиіс. Ол үшін 8 7252 40-63-03 байланыс телефонына хабарласса болғаны.