Шымкентте көп қабатты үйлердің хасбетін жаңарту жұмыстары басталды. Қала билігінің жоспарынша, шаһардың көркі саналатын негізгі көшелерді үйлер біркелкі болуы тиіс. Осы мақсатта көп қабатты үйлердің жолға қараған бетін жаңалау жұмыстары кешегі сенбі-жексенбі күндері қолға алынған.
Қазір қалалықтар арасында «президенттік тасжол» деп аталып кеткен Темірлантас жолы мен Желтоқсан көшесі бойындағы көп қабатты үйлерде жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қала әкімдігі тарапынан үйлерді абаттандыру жұмысы құрылыс компанияларына бөлінген. Мысалы, 40 үйдің хасбетін жөндеу «ТурАхмет және компания» серіктестігіне жүктелген.
Жанат Мустафина, үй төрайымы: «Депутаттарды тартып, қала әкімдігі көп қабатты үйлерді абаттандырмақ. Біздің үйіміздің хасбетін сайдингпен қаптайды екен. Ол жақсы ғой. Көрік береді, әрі сәнді болмақ.»
Үй төрайымының айтуынша, тоқырау заманында пайдалануға берілген көп қабатты үйдің шатыры бүгінде шұрқ тесік, жарықтақталары жөндеуді талап етеді. Тұрғындар тегін жаңалауға қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Енді бұрынғы аэровокзал төңірегіндегі тозығы жеткен үйлердің хасбетіндегі түсіп қалған сылақтың орны толықтырылып, әрленбек. Алайда мұндағы тұрғындар алдымен шатыр жабылмаса, жұмыстың барлығы бекер дейді.
Татьяна Нежнова, тұрғын: Мына бұрынғы темір атауларды алып тастамаса болмайды. Және тесілген жамау шатыр жаңадан қапталмаса, құрылысшылардың еңбегі зая кетеді. Екі жыл бұрын осындай әрлеу жүргізілген. Жауын-шашыннан барлығы түсіп, шағылып кетті. Бюджет ақшасын осылайша шашуға бола ма? Тұрғындармен келісіп, қажетіне жұмсалмай ма? Жасандылықтан қашан арыламыз? Сырты бүтін, іші түтін.»
Алайда биліктегілердің өз жоспары бар. Көп қабатты үйлер сәулет жағынан көрікті болуы шарт. Енді бұл құрылыс жұмыстары Наурыз мерекесіне орай аяқталуы тиіс.