Шымкентте жаңа босанған ана нәрестесін далаға тастап кеткен

595
Шымкентте жаңа босанған ана нәрестесін далаға тастап кеткен

Шымкентте жантүршігерлік оқиға болды. Қоқыс тастайтын орыннан жаңа туған нәресте табылды. Жаға ұстатар жағдай 25 ақпан күні болған. Қазір шақалақ облыстық № 2 перинаталдық орталықтың жансақтау бөлімінде жатыр. Қансырып жатқан нәрестеге дәрігерлер медициналық көмекті шұғыл түрде көрсеткенмен, жағдайы тым ауыр болып тұр.

Жалғас Үсенханов, анестезиолог-реаниматолог:  «Қарасам терезенің түбінен жаңа туылған нәресте жерде қансырап жатыр екен. Мен бірден қасыда жетіп келдім. Денесі мұздай болып, қатып қалған. Жаңбырдың астында жатып қалыпты. Судың ортасында жатқан жерінен көтеріп алдым. Біздің «Даумед»медициналық орталығына кіргізіп, көмек көрсеттік.»

Қоқыс маңынан табылған нәресте қазір облыстық перинаталдық орталықтағы жансақтау бөлімінде ем қабылдауда. Қорғансыз сәби өздігінен дем ала алмайтындықтан, әзірге жасанды аппаратқа қосылулы жатыр. Ауыр халдегі балақайға дәрігерлер суық жарақатының синдромы деген диагноз қойып отыр.

Таньяна Кочурова, шала туылған нәрестелер бөлімінің меңгерушісі: «25 ақпан күні сағат 09:30 шамасында бізге жаңа туылған нәресте жедел жердеммен жеткізілді. Қыздың салмағы 2 келі 700 гр. Жағдайы тым ауыр. Жүрек соғысы баяу. Өздегінен дем алмайтындықтан, жасанды аппаратта жатыр. Қазіргі жағдайы ауыр.»

Белгісіз азаматша нәрестені босанып, медициналық орталықтың маңындағы қоқыс жәшігіне тастап кетіпті. Қазір осы факті бойынша Абай полиция бөлімінің қызметкері іс қозғап, баласын тастап кеткен ананы іздеу үстінде.