Шымкенттегі ірі жылыжай сатылуға қойылды

495
Шымкенттегі ірі жылыжай сатылуға қойылды

Шымкенттің іргесіндегі ірі жылыжай шаруашылығы құлдыраудың алдында тұр. Осыдан сегіз жыл бұрын мемлекет қоржынынан 300 млн теңге қолдау алған кәсіпкер жылыжайды салып, оны агроталаптарға сәйкес жабдықтаған да болатын. Екі-үш жыл өнім алып келген серіктестік соңғы 4-5 жылда нысанда жұмысты жүргізе алмай, шығынға батыпты.

Шымкенттегі ірі жылыжай сатылуға қойылды

Қала іргесіндегі әуежәй төңірегінде бес гектар аумақта 2009 жылдары бой көтерген жылыжайдың бүгінгі көрінісі аянышты. Бюджеттен бөлінген 300 млн теңгеден астам қаржыға салынып, заманауи жабдықтармен толық қамтылған нысан бүгінде қаңырап, сатылуға қойылған. Жылыжайдың тағдырына оның жұмысшылары да алаңдаулы. Соңғы айларда олар да жалақы алмадық дейді.

Күзетші: «Жылыжайдың жабылып қалғанына 4-5 жыл болып қалды. Басшысы — Астанада. Қазір нысан сатылымға қойылған. Адамдар қоңырау шалып жатыр. Бірақ, бағасы қымбат. 300 млн теңге сұрап жатыр. Бізге жылыжай иесі 2,5 млн теңге қарыз.»

Ал үкімет тарапынан қаржылай қолдауға зәру Ыхтияр Абрдасилов өз күшіне сенеді. Шаруа жыл бойы тынымсыз еңбек етуге мәжбүр. Өсімдік күтімнің арқасында жетіледі. Немқұрайлық танытсаң, көрші жылыжай сияқты құлдырап шығынға батасың деген диқан бүгінде сұранысқа ие қырыққабаттың түрі-түрінің көшетін дайындаған. Тек ауа райы әзірге қолайсыз болып тұр.

Ыхтияр Абдрасилов, шаруа: «Былтыр осындай уақытта көшеттін бәрін егіп едік. Биыл жер әлі дайын емес. Жақында торф сатып алдық, пленка да қымбат.»

Кәсібін дөңгелетуге не субсидия, не несие алмаған шаруа қарама қарсы беттегі 5 гектарда құлдыраған жылыжайды көріп ішім ашиды дейді. Үкімет тарапынан нысанға жұмсалған миллиондаған теңге ысырап болды дейді шаруа.

Ыхтияр Абдрасилов, шаруа: «Сол қаржының бір миллионын бізге бергенде ғой. Біз жұмыс істеуден қашпаймыз. Ол ақшаға қанша тірлік жасар едік.»