Шымкенттіктер тәжік-ауған шекарасында опат болған жауынгерлерді еске алды

417
Шымкенттіктер тәжік-ауған шекарасында опат болған жауынгерлерді еске алды

Ер есімі – ел есінде! Шымкенттіктер тәжік-ауған шекарасында орын алған қақтығыста ерлікпен қаза тапқан 17 жауынгерді еске алды. Әдеттегідей Абай саябағындағы Даңқ аллеясына жиналып, Пшхевар шатқалындағы шайқас пен ондағы сарбаздардың жанқиярлық қадамына кеңінен ойысты.

Қала орталығы, Абай саябағындағы шекарашылар монументіне жиналған жұртшылық, 6506-әскери бөлімінің сарбаздары қаруластарына құрмет білдіріп, ерлікті еске алу үшін арнайы жиналды.

Рүкия Бақпаева — жауынгердің анасы. Перзенті Қалмахан Бақпаев ер жеткен шағында сол тәжік-ауған шекарасында орын алған қақтығыста ерлікпен қаза тапқан. Қазір жасы келген кеуана бауыр еті баласының тек естелік тақташаға қашалып жазылдған жазуға қарап, есімін еске алуға мәжбүр.

Рүкия Бақпаева

Рүкия Бақпаева, Қ.Бақпаевтың анасы: «Мен ешбір анаға мұндай қасіретті көруін тілемеймін. Мен көрген қиындықты көрмесін ешкім. Балам алдымен №54 мектептегі 10 сыныпты бітіріп, бейнелеу өнерін оқу орындарында тәмамдап, қалада мұғалім болды. Сосын арасында әскерге де барып келді. 7 наурыз күні кетті ғой. Мереке күні хабарлады маған, перзентімнен сол күндері қол үздім.»

Еске салайық, 1995 жылдың 7 сәуірі күні Ауғанстанмен шектесетін ең қауіпті және қиын учаскені күзететін Қазақ жігіттері есірткі мен қару-жарақ тасыған содырлармен аянбай арпалысты. Атыста 17 қазақстандық сарбаз опат болды. Ерлікпен қаза тапты. Қазір жұртшылық сол жауынгерлердің ұрыс алаңындағы жанқиярлық қадамы-ауыр қайғыны аза тұтып, ерлікті насихаттап келеді.

Альфия Ахметжанова, 6506-әскери бөлімінің запастағы майоры: «Бұл еске алу іс-шаралары деп айтылғанымен, игі бастамалар үлкен жауапкершілікті жүктейді бізге. Алдымызда елдің патриоттары, аптал азаматтарының бүгінгі ізбасарларын тәрбиелеу мақсаты тұр. Сондықтан жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін сарбаздармен өрбіген сабақтарда жиі айтып, жаттаймыз. Ал спорттық сайыстарды қолға алған себебіміз, қай кезде де қарулы күштеріміз айбынды тұлғасынан танбауы тиіс.»

Айта өтейік, бүгінде күнгейдегі бірқатар ауылдар мен елдімекендердегі көшелерге Пешавар шатқалында қаза болған жауынгерлердің есімі берілген. Бұр ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын айғақтаса керек.