Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Н. Шәріпов Қазығұрт ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге 300-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде ауыл билері мен тұрғындары, ардагерлер мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар, білім, медицина салаларының қызметкерлері, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдарының басшылары болды.

Кездесуді Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев ашып, аудан тұрғындарымен осындай кездесуді ұйымдастырғаны үшін облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріповке алғысын айтты.
Төраға сөзінің басында, Қазақстан Судьяларының VII съезінде Елбасымыз Қазақстан соттарының алдына қойған мiндеттердің қатарында құқықтық ағартушылық мәселесiн айтып, азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығының арқасында сот дауларының санын айтарлықтай азайтуға болады, – деген тапсырмасын іске асыру және жаңа заңнамаларды халыққа түсіндіру, сонымен бірге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша және жалпы еліміздің сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар туралы баяндау мақсатында аудан тұрғындарымен кездесіп отырғанын жеткізді.

Одан әрі Нұрсерік Кәрімұлы, өзінің баяндамасында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын практикалық тұрғыдан іске асырудың негізгі нәтижелеріне тоқталып, үш сатылы сот төрелігі жүйесі сәтті іске қосылып, судьяларды іріктеу мен ілгерілету жүйесі қатаңдатылып, алқабилер сотының жұмысы реформаланғанын және Жоғарғы Сот жанынан инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған алқа, Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, тергеу судьялары мен алқабилер сотының құзыреті кеңейтіліп, азаматтық істер бойынша прокурорлардың сотқа қатысуы қысқартылды және судьялардың VII съезінде жаңа Судьялық әдеп кодексі қабылданды. Жаңа ақпараттық технологиялар іске қосылып, барлық сот залдары аудиобейнетіркеу жүйелерімен жарақтандырылып, соттардың қызметі бұрынғыдан да ашық бола түсті.

Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен қылмыстық заңнама жоғары тиімділігін көрсетуде. Республика бойынша барлық азаматтық істердің 60%-ға жуығы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен қаралған. «Медиацияны қолданып аяқталған істердің саны үш есеге өсті» деді.
Кездесу барысында Н.Шәріпов, қатысушылардың тарапынан қойылған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Жергілікті тұрғын Төле Ағабековтың (суретте) сауалы көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты.
«Қазір ауылда мал ұрлығы көбейді. Бірақ мал ұрлаушы табылып, іс сотқа жеткенімен, екіжақтыымырамен бітіп жатады. Бұл қалай?» деп сауал тастаған тұрғынға төрағаның жауабы былай болды.

– Мал ұрлығын бірінші рет жасаса, онда біз мұндай істі мал иесі мен мал ұрлаған адамның арасында келісімге келіп, шығыны өтеліп, ымырамен аяқталуына мән береміз. Егер екінші рет қайталаса, онда бас бостандығынан айыру қарастырылады деді Н. Шәріпов.
Сондай-ақ, егіншілік жеріне мал кіріп, егістікті бүлдіріп кетсе, мал иесіне қандай шара қолданылатынын сұраған тұрғынға «Ондай жағдайда мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын» айтты.

Бұған қоса төраға өз сөзінде қазіргі таңда тағайындалатын айыппұл мөлшеріне де тоқталды. Н. Шәріповтың сөзінше, қазір өтелуі қиын мөлшердегі үлкен айыппұлды белгілегенше, көңілге қонатын, өтелетін айыппұл тағайындаған жөн.