Әкім Ысқақ пен Мұрат Бекейдің жыр кітабы жарық көрді

1480

Қазақ әдебиеті тағы бір жыр кітабымен толықты. Қаламгерлер Әкім Ысқақ пен Мұрат Бекейдің «Бәйтерек түбіндегі сырласу» атты кітабы жарық көрді. Өңіріміздегі А.Пушкин атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өрбіген әдеби жинақтың тұсаукесер салтанатына біз де арнайы қатысып қайттық.

Қос қаламгер Әкім Ысқақ пен Мұрат Бекейдің ғана емес, барша күнгейлік оқырманның асыға күткен кітап «Бәйтерек түбіндегі сырласу» деп аталады. Кітаптардың тұсаукесер тойына ақындардың қаламдастары мен үзеңгілес достары шақырылған. Оқырмандар мен жас қаламгерлер де осында. Олар кеш кейіпкерлерінің сырға толы жыр шумақтарын жатқа оқып, поэзия-көрінісін ұсынды.

Хадиша Сайлау, оқырман: «Әкім ағаның өлеңдерін оқыған кезде бойымды бір ерекше сезім билейді. Себебі оның жырларында тек шындық, ақиқат жайлы суреттеледі. Оның әрбір сөзі адамға ерекше күш сыйлап, адамгершілікке баулиды, тағы бір ерекшелігі сол — өлеңдері уақытқа бағынбайды, қай заман, қай дәуірде оқысаң да сол кезеңге арналғандай әсер аласың».

 

Кеш кейіпкерлерінің айтуынша, «Бәйтерек түбіндегі сырласу» атты еңбекке соңғы жылдары жазылған жазбалары жинақталған. «Алматы» баспасында жарық көрген жинақ «Мұрағат беттерінен», «Мұрат Бекей» және «Әкімнің шығармалары» сынды бірқатар бөлімдерден құралған. 156 бет кітаптың таралымы — 2000 дана. Жыр-еңбек авторларының айтуынша, қос кітапты кіріктірудің де себебі бар.

Әкім Ысқақ, ақын-сазгер: «Кітаптағы — бір-бірімізге жазысқан хаттарымыз, оның ішінде М.Мақатаев пен Төлеген Айбергенов сияқты қазақтың белгілі майталман ақындары туралы өзіміздің пікірлеріміз. Поэзиялық сырласу, жай ғана амандық емес, олардың көтерген жүгін бүгінгі ұрпаққа жеткізу жағдайы осы еңбекке енді. Менің қолтаңбам — сол ізгілік, көптеген кітаптарымның барлығы сол күнделіктен тұрады. Адамдарға бір жылу сыйлау, бір кішкене жан-дүниеңді түсіндіру деген сияқты».

Тұсаукесер шарада қаламгерлердің сөзіне жазылған еңбектері де орындалып, кештің мерейін асырды. Бұл оқырмандардың әдебиет әлеміне, ақындардың шығармашылығына деген құрметін көрсетсе керек. Айта өтетін ақпар, бүгінде қайраткер, ақын-сазгер Әкім Ысқақтың 30 бірдей жыр жинағы жарық көрген. Ал Мұрат Бекей — «Сұлулық сыры » атты лирикалық кітаптың авторы.